Медиацияның карантин барысындағы халыққа пайдасы

Қызылордада Қазақстан халқы ассамблеясы Қызылорда облыстық хатшылығы ұйымдастыруымен «Медиацияның карантин барысындағы халыққа пайдасы» тақырыбында конференция өтті. Конференцияда соттағы медиация және дауды сотсыз шешудің тиімділігі, банктер мен микроқаржылық ұйымдар алдындағы борыштар бойынша даулар, отбасы мен неке дауларын шешу жолдары, медиаторлар қызметінің тұрғындарға қол жетімділігі туралы мәселелер талқыланды.

Аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Марат Бәйімбетов еңбек даулары бойынша оңтайлы шешімдер тақырыбында облыс көлеміндегі еңбек ұжымдарындағы еңбек қатынастары бойынша туындайтын мәселелер мен оларды шешу тәжірибелері туралы ақпаратпен бөлісті.

Төтенше жағдайға байланысты және карантин кезінде еңбек қатынастары мәселелері бойынша кәсіподақтардың қызу желісі жұмыс жасап тұр, қызу желіге жүгінген жұмыскерлер мен жұмыс берушілерге еңбек жағдайлары бойынша құқықтық көмек көрсетілуде.

Желіге төтенше жағдай орын алған наурыз айынан бастап карантиндік шектеулер жалғасып жатқан қазіргі күнге дейін 830 хабарласу жасалып, сұрақтарға тиісті мамандар сала бойынша жауап берді.