Бас келісімнің жобасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жіберілді

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы, Қазақстанның Еңбек конфедерациясы, «Аманат» Қазақстан кәсіподақтары достастығы республикалық кәсіподақтар бірлестіктері өкілдерінен құралған Жұмыс тобымен дайындалған Қазақстан Республикасының Үкіметі, республикалық кәсіптік одақтар бірлестіктері мен жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктері арасындағы 2021-2023 жылдарға арналған Бас келісім жобасын ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жолдады.

Өздеріңізге белгілі биылғы жылдың наурыз айында ҚР Кәсіподақтар федерациясы Бас келісім жобасын қоғамдық талқылауға шығарған болатын. Сондай-ақ, Кәсіподақтар федерациясы барлық республикалық кәсіподақтар бірлестіктеріне жұмысшылардың еңбек және экономикалық құқықтарын,еңбекақы төлеу деңгейіндегі кепілдіктерді қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған негізгі ұстанымдарды қолдауда бірыңғай тәсілдерді бірлесе әзірлеу туралы бастама көтерген еді.Бастама қолдау тауып, Бас келісім жобасын дайындау жөніндегі жұмыс тобы құрылды.

Әлеуметтік әріптестіктің барлық жүйесінің шыңы және республикалық деңгейдегі негіз салушы құжаттың жобасын дайындау барысында Жұмыс тобы Бас келісімнің бес бөліміне қатысты арнайы отырыстар өткізді. Ең алдымен, Бас келісім жобасының құрылымы мен мазмұны анықталып, барлық республикалық кәсіподақ бірлестіктерінің ұсынымдары тең дәрежеде қарастырылды. ҚР Кәсіподақтар федерациясы Бас келісімнің «Әлеуметтік әріптестік» бөлімінде әлеуметтік әріптестік жүйесіндегі кәсіподақтардың рөлін күшейтуге, республикалық үшжақты комиссияның (РҮК) тиімділігін арттыруға бағытталған бірқатар нормаларды ұсынды.

Сонымен қатар, бұл маңызды құжатта кәсіподақ ұйымдарының еңбек нарығына қатысты мәселелерді шешуге белсенді қатысу мүмкіндігін қамтамасыз етуге байланысты ұсыныстар әлеуметтік әріптестік аясында мүдделер тепе-теңдігін қамтамасыз етуге бағытталған. Онда әлеуметтік және еңбек мәселелері бойынша нормативтік құжаттарды әзірлеуге кәсіподақтардың міндетті қатысуы туралы талаптардың жобасына,Үкімет отырыстарына, сондай-ақ еңбек жағдайлары мен еңбекті қорғауды жақсарту жөніндегі жыл сайынғы есептерді дайындау процесіне енгізу туралы да ұсыныстар енгізілген.