Сыр жастарының күші – бірлікте

Жастар – ел болашағын жарқын етер шырағдан. Қозғаушы күш білімді, әлеуметтік белсенді, өз құқығын білетін сауатты азамат болып қалыптасуы тиіс. Бұл жөнінен Сыр жастары ешкімге дес бермейді. Қазір түрлі жастар ұйымдары, бірлестіктер саланы қарқындатуға күш салуда. Бұл ретте Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі жанындағы «Келешек» жастар кеңесінің де үлесі басым.

Кеңес кәсіподақтар орталығының жастар саясатын үйлестіреді. Еңбекші және студенттік жастардың әлеуметтік-еңбек қатынастары, құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, жастардың өзекті мәселелерін шешу және жобаларды іске асыру, сондай-ақ Кәсіподақтар федерациясының мүшелерінің қатарына тарту – «Келешектің» негізгі міндеті. Кеңес бүгінгі таңда жүктелген міндеттің үдесінен шығуда. Жастар саясаты саласындағы ұйымдармен еңбекті қорғау бойынша меморандумдар да жасалғанын айту керек. Алға жоспар ауқымды, бұған дейін атқарылған іс те көңіл көншітерлік.

Қайырымдылық пен жанашырлықты ту еткен «келешектіктер» облыстық «Жастар ресурстық орталығы» жанындағы «Волонтерлердің фронт-офисі» өкілдерімен бірлесе қайырымдылық шараларына да атсалысуда. ҚР Кәсіподақтар Федерациясы жанындағы «KEA» (Kazakhstan En’bek adamy) корпоративтік қорының ұйымдастыруымен, «Транстелеком» АҚ демеушілігімен «QAMQOR QAZAQSTAN» әлеуметтік жобасы бастау алған болатын. Жабыққанға жақсылық жасауға асыққан кеңес мүшелері аталған шараға ерекше қолдау танытты. Нәтижесінде өңірдегі көпбалалы отбасылардың, жалғызілікті аналардың тізімі жасақталып, мұқтаж жандарға бірінші кезекте қажетті өнімдер таратылды.

Карантин уақытында да жастардың қолтаңбасы қоғамның барлық саласынан байқалуда. Ел абдырап, халық қобалжыған сәтте олар бетпердені қолдан дайындап, тұрғындарға таратып, қалғандары аты жаман аурудан сақтану талаптары туралы брошюралар үлестіруге жұмылды.

Елге көмек көрсетуді азаматтық парыз санаған ерікті жастар бұл игі ісін тоқтатқан жоқ. Облыстық «Жастар ресурстық орталығы» жанынан әлеуметтік дүкен жұмысын жаңаша бағытта жандандырған болатын. Ондағы қор қаладағы қолы ашық тұрғындардың көмегімен вирусқа қарсы дәрі-дәрмектермен толықты. Оның ішінде қала дәріхаларында бастапқы уақытта тапшы болған парацетамол, С витамині, дексаметазон, дисоль, натрий хлорид, эуфиллин, тағы да басқа препараттар болды. 2 апта көлемінде жалғасқан қайырымдылық акциясында 200-ден аса дәрі-дәрмек үлестірілген. Ал, оны таратуда «келешектіктердің» бастамасымен қолған автоволонтерлар қозғалысының септігі зор.

Сонымен қатар кеңес жанынан психологиялық қызу желі де іске қосылды. Ахуалдан қажыған кез келген тұрғын тұрғын хабарласып, психологтың көмегіне тегін жүгінуіне мүмкіндік бар. Себебі, осындай сәтте психологиялық қолдаудың маңызы зор. Індетпен күрес нәтижелі болу үшін ең әуелі адамға сабыр, төзім керек. Мамандардың айтуынша, дәл осы кеселдің психологиялық салдары өте ауыр. Расында, ел арасындағы дау мен

дақпырттың, қорқыныш пен қауіптің үмітті үрей жеңуінен болғаны анық. «Ауырып қаламын-ау» деген ой, «енді не болады?» деген күдіктің өзі дертті жұқтырғаннан бетер екені белгілі. Осы орайда пандемия кезіндегі психологиялық көңіл-күй тақырыбында онлайн вебинарлар ұйымдастыру да жолға қойылды.

Бұдан бөлек, кеңес мүшелерінің бастамасымен жастарды жұмыспен қамту мәселесіне де назар аударылуда. Жуырда маскалық режимде бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Мұндағы мақсат – жылу қазандықтарының ағымдағы жөндеу жұмыстарына, қаладағы бірқатар көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге, темір жол паркін абаттандыру, автобус аялдамаларын орнату, футбол алаңын қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізуге қабілетті мамандарды тарту болатын. Шараға қала жастары белсенді қатысып, екі қолға бір күрек табуға асыққаны байқалды.

Жақында «ZOOM» платформасы арқылы аудандағы жастар ұйымдары мен қоғамдық бірлестіктермен байланыс орнатылып, осы атқарылған шаралар жайы пысықталды, алға межеленген міндеттер тағы бір нақтыланды. Енді онлайн басқосуда айтылған жаңа идея, жаңа ұсыныстар арқылы жұмыс одан әрі жаңаша форматта жанданбақ.

Халық арасында «Он адам жүрген жерде із, жүз адам жүрген жерде соқпақ, мың адам жүрген жерде жол қалады» деген. Жоғарыда біз кеңес мүшелерінің қолға алған бастамаларын сөз еттік. Бәрін емес, біршамасын ғана. Олардың алға қойған мақсаты да үлкен. Ең бастысы, «келешектіктер» игі істерді жалғастыруды басты жоспар етіп отыр. Қоғамда болып жатқан әрекеттердің заңға қарама-қайшылығын немесе сәйкестігін сараптай алу, заңды аттамай, тура жолмен жүру – заман талабы болған тұста олар жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып, еңбек дауларына жол бермеу мәселесін де күн тәртібінен түсірмек емес.

Бауыржан Мастеков – Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар жанындағы «Келешек» Жастар кеңесінің төрағасы, «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры