Ақтөбе облысы Мартөк аудандық спорт мектебінің кәсіподақ ұйымының төрайымы Наталья Магомедова өз ісімен көпке үлгі болып жүр.
Ол бастауыш кәсіподақ ұйымы мүшелерінің жағдайына алаңдап, зейнеткерлікке шыққанда да көңіл бөледі. Наталья Магомедова спорт мектебінде 10 жылдан астам еңбек етіп келеді. Ұжымдағы 54 адамның әрқайсысына жіті көңіл бөлуге тырысады.
“Кәсіподақ болғасын, біз, ең алдымен, қарапайым жұмысшылардың еңбек құқығын қорғаймыз. Осы уақыт аралығында бізде 4 директор ауысты. Спорт директорларымен тіл табысып, ауызбірлікте жұмыс жасадық. Мысалы, бізде жұмысшыны шығарған кезде оның еңбек құқығын қорғап, араша бола білдік. Келісім комиссиясын құрып, нәтижесінде жұмысшының қайта жұмысқа алынуына көмектестік. Кәсіподақ ұйымының негізгі мақсаты – жұмысшылардың еңбек құқығы мен әлеуметтік-экономикалық қызығушылықтарын сақтау. Мәселен, бізде мынадай жайт болды. Басқарма басшысы директорымызға сөгіс жариялады. Заңнамалық тұрғыдан бәрін тексеріп, қарап, білген білімімді пайдаланып, оның негізсіз екеніне көз жеткіздім. Заңбұзушылықтың болмағаны дәлелденіп, ол сөгіс алынып тасталды. Тағы бір де мекеме күзетшілері жұмыс уақытына келіспейтіндіктерін айтып, олармен келіссөздер жүргізіп, әкімшілік пен шаруашылық меңгерушісі т.б. бәрін қатыстырып, олардың өзара келісімге келуіне түрткі бола білдім. Біз үнемі ұжымда ауызбірлік пен ынтымақтастықтың болғанын қалаймыз. Жұмысшылар кәсіподаққа үлкен сеніммен қарайды. Біз сол сенім биігінен шығуға тырысып жүрміз. Ұжымдық шартты уақытында жасап тұрамыз. Онда көрсетілген барлық талаптарды орындауға ұмтыламыз. Облыстық салалық кәсіподақпен тығыз байланыстамыз. Ұжымымыз тату. Бір-бірімізге қолдау боламыз. Әсіресе, қазіргі әлемдегі індет кезінде қызметкерлеріміз арасында аурудың алдын-алу, мекеменің кіре берісінен бастап санитарлық құралдармен қамту, бетперде кию, антисептиктермен және жеке қорғаныс заттарының болуына баса назар аударамыз. Жұмыс орнын дезинфекциялау, әлеуметтік қашықұтықты сақтау жағдайларын үнемі назарда ұстаймыз”, – дейді бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Наталья Магомедова.