Ақтөбе облысы Ойыл аудандық «Шұғыла» мәдениет және демалыс орталығының меңгерушісі , «Мәдениет саласының үздігі» Айсұлу Мамбетова еңбекқорлығымен көпке үлгі.
Ол мәдениет саласында еңбек жолық қарапайым қызметкер ретінде бастап, ұзақ жылдар бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы ретінде де біраз өнегелі іс атқарды.
Әл-Фараби атындағы Шымкент педогогикалық мәдениет институтын 1984 жылы бітіріп,аудандық мәдениет бөліміне жұмысқа орналасқан. Аудандық мәдениет саласында 35 жыл еңбек етіп келеді.Айсұлу Мамбетованың жетістікке жетуінің кілті-адал еңбекте . Еңбек адамының құқығын кәсіподақ әркез қорғап, қолдайды. 35 жыл еңбек өтілі бар мәдениет саласының тәжірибелі маманының кейінгі ұрпаққа айтары көп.
«Отыз жылдың ішінде халыққа мәдени қызмет көрсету саласында көптеген өнерді сүйген,адал қызмет еткен жандармен қоян қолтық жұмыс жасадым. Атап айтсам ,бірінші еңбекке араласқандағы ұстазым марқұм Жоламанов Садуақас ағамыз.Өнердегі ұстазым Садуақас ағай «Ойыл халық театрының» бүгінге дейін жетуіне зор еңбегін сіңірді. Сол кісінің ұстаздығының арқасында осы күнге дейін үлкенді-кішілі 50 ден астам рольдерді сомдаппын. Сомдаған кейіпкерлерімнің шынайы шыққандығының белгісі Ақтөбе қаласында 2013 жылы өткен аймақтық театрлар байқауында «Үздік әйел ролі» номинациясын жеңіп алдым.
1988 жылы «Қыз жібек» спектаклін С.Жоламановтың сахналауымен аға буын актерлер А.Берғалиев, Г.Берғалиева, С.Жақыпбеков,
А,Ерсейтовалармен бірге массовкада ойнадық.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мәдениет үйі қызметкерлері 1995 -1998 жылдары айлап ақша алмай жұмыс жасадық. Сол уақытта мәдениетті жан -тәнімен сүйетін өнер адамдары ғана екшеліп қалды да уақытша жүргендер басқа салаға кетіп қалды.Тәуелсіздік алған жылдары тек мәдениет саласына ғана емес жалпы халық қиын кездерді басынан кешірді. Отбасын асырау үшін ала дорба арқалаған уақытта мәдениет үйі қызметкерлері де рухани көмек көрсету мақсатында жолға шықты. Өз күндерімізді өзіміз көріп көршілес Орал,Атырау облыстарының аудандары мен Ақтөбе облысының Темір,Байғанин,Қобда аудандарына мәдени қызмет көрсетіп қаржы тауып жүрдік.Кей кездері түсетін үй болмай машинаға да түнеп жүрген уақыттар болды.Барлық ауылдық мәдени ошақтар жабылып қалған уақытта қиындыққа қарамай тәуелсіздігімізді алған кезден бастап Қазақ елінің қуанышына қуанып,Елбасы жолдауларын халыққа түсіндіруді міндетіміз деп санадық. Садуақас ағамыз бастаған өнерпаздар талай байқауларда Ойылдың атағын шығарып жүлделі орындар алып жүрдік.
Көкжар жәрмеңкесі мен Ойыл ауданының мерейлі тойларында Самал Сатыбалдина «Арнау» айтса, ауданға белгілі өнерпаз Маханов Жалғасбай ағайдың немересі Маханова Гүлжанат пен Жаңылсын Бисенғалиева туа біткен ерекше дауысымен таң қалдырып жататын. Қазыбаев Ғабит пен Боранбай Ешпановтар ел ықыласына бөленген қайталанбас өнер иесі.Бүгінде Таңатаров Серікті қосып «Халықтық» атағына ие болып отырған «Серілер» тобы. Кімді алсаңда өзіндік орны бар аудан мәдениетін көтеруде қажымай еңбек еткен нағыз өнерпаздар. Мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі болып жүрген кезімде /1992-2013ж/ облыстық байқауларға ауданның өнерлі балаларын үлкен сахнада шыңдалуларына жағдай жасаған «Әнші балапан» «Балдәурен» байқауларынан бастап облыстық «Жас дәурен» жастар мен студенттер байқауы жеңімпаздығына дейін көтерілген орта буын өнерпаздар аудан мәдениетін облысқа танытып жүр.Олар Қ.Қисықов, Н.Қазтуғанов, АТөлесиновтер. Өнерлі отбасыларды айтатын болсам «Халықтық» атағы бар Ешпановтар отбасыларымен бірге Тынысбаевтар,Үмбетовтер,Дәуленовалар, Нұржановтар отбасы бүгінде ауданға танымал отбасылар. Мен қызмет еткен 34 жыл ішінде мәдениет бөлімін Е.Бермуқашев, А.Нұрғазин, М.Абдуллин, А.Қазыбаев,Ә.Ажниязов,Т.Сапаров, А.Дәулетов, Г. Байдуллина,Ш.Жоламановалар басқарды.Әр уақыттың өзіндік қиындықтары мен қызықтарын бастап өткерген басшылар мәдениетке өзіндік із қалдыруға тырысты.
Мәдениет- жұмысы көзге көрінбейтін, еңбегі еленбейтін, атқарар міндеті көп, аз алып, көп күш жұмсайтын сала. Мәдениеттің төңірегінде тек жұмысынан ләззат алатын жандар ғана жүреді.Олар ешкімнен марапат күтпейді.Халықтың ықыласы,халық берген атақты арқалау, олар үшін үлкен сый» ,деп еңбек жолының ең елеулі сәттерімен бөлісті.
Осындай ел игілігі жолында тынбай еңбек етіп, ізденісін жалғастырып, мәдениетіміздің одан әрі дамуына үлес қосып жүрген Айсұлу Мамбетова кәісподақ жұмысын да алға ілгерілетіп, өзі еңбек ететін ұжымдағы бастауыш кәсіподақ мүшелерінің еңбек құқығы мен әлеуметтік жағдайларының жақсаруына көп үлес қосып жүр.