Тамыздың үшінші жексенбісі – дене шынықтыру саласы мамандарының төл мерекесі. Кәсіби мейрам қарсаңында ақтөбелік 50 ұстаз салауатты өмір салтын қалыптастыруға қосқан үлесі үшін марапатталды. Аудан мектептерінің дене шынықтыру пәні мұғалімдері облыстық білім қызметкерлерінің кәсіподағы және облыстық білім басқармасының алғыс хаты мен сыйақысына ие болды. Ақшалай сыйақы мұғалімдердің жеке есеп-шоттарына аударылады.
«Кəсіподақ: тұрақты қолдау, тұрақты құрмет» атты дәстүрлі шара карантин режиміне байланысты онлайн форматында өтті. Үздік ұстаздарды салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы Ақтөбе облыстық ұйымының төрайымы Раушан Серікова құттықтап, сын сағатта оқушыларға сапалы біліп берген педагогтарға алғысын айтты.
«Күрделі кезеңді бастан өткерудеміз. Қауіпті індеттің салдарынан білім саласы да біраз өзгерістерге ұшырағаны белгілі. Қиын шақта шәкірт тәрбиелеуге үлес қосып, ерекше форматта сапалы білім берген ұстаздарымыздың еңбегі орасан зор. Салалық кәсіподақ қай кезде де сала қызметкерлерінің мүддесін қорғау, жалақыларының толық сақтауы жолында жүйелі жұмыс жүргізуде. Алдағы жаңа оқу жылына сәттілік тілей отырып, дендеріңізге саулық, отбастарыңызға амандық, жұмыстарыңызға табыс тілеймін»,- деді ол. Марапаттау рәсімінен соң барлық қатысушыларға құқықтық кеңес берілді.