Ақтөбедегі салалық кәсіподақ жетекшілері жуырда өтетін съезге дайындалуда

Қыркүйекте онлайн түрде өтетін ҚР Кәсіподақтар федерациясының 26-ші съезіне дайындық белсенді жүргізілуде.

Елімізде 2 миллиондай адамның басын біріктіріп отырған аса ірі қоғамдық ұйымның бұл съезінің карантин талаптарына сай қашықтықтан өтуі де аса маңызды.

Осы орайда Мәдениет, спорт және ақпарат саласы қызметкерлері салалық кәсіподағы Ақтөбе облыстық филиалының төрайымы, ҚРКФ Бас кеңесінің мүшесі Назира Табылдинованың пікірін білген едік.

«Мен бұл съездің делегаты ретінде көтерілетін басты мәселелерді құптаймын. Әсіресе пандемия жағдайында және дағдарыстан кейінгі кезеңде жұмысшылар өздерінің еңбек құқықтары мен мүдделерінің қорғалуына ерекше мұқтаж екені мәлім. Осы орайда кәсіподақтардың белсенділігі және бастауыш кәсіподақ ұйымдары жетекшілерінің іскерлігі де өте қажет деп ойлаймын. Біздің қазіргі міндетіміз- жұмыс орындарын сақтау және жұмысшылардың жалақыларының дер кезінде берілуіне ықпал ету болмақ. Осы бағытта съезде келелі мәселелер көтеріледі. Бұл біздің жұмысымызға тың серпін береді деп ойлаймын. Ең бастысы- съезд делегаттары кәсіподақтың жарғысына өзгерістер мен ұсыныстарын айтады, күн тәртібіндегі барлық мәселелер бойынша шешім қабылдайды.Менің ойымша бұл съезд еліміздегі ең ірі әлеуметтік-еңбек ұйымдары мүшелерінің бірлігін дәлелдейді. Бастысы-ел бірлігі, қоғам бірлігі. Біз кәсіподақ мүшесіне барынша жақын болуға, оның қазіргі індеттен кейінгі дағдарыс әсерлерінен тиімді қорғауға жұмыла қолдау танытуымыз керек. Ол үшін бастамашылдық пен ауызбірлік, кәсіподақ жетекшілерінің кәсіби шеберлігі керек », – деп ойымен бөлісті.