«Татуласу орталығының» басты міндеті – халық арасында бітімгершілікті дәріптеп, бәрін әділ түрде шешіп беру

Алматы қаласы Кәсіподақтар орталығы жанындағы «Татуласу орталығы» пандемия уақытында кеңес беру жұмыстарын тоқтатқан жоқ. Карантин кезіңде орталық өз кеңестерін қашықтықтан онлайн форматта жүргізді. Қазір штаттық режимде өз жұмыстарын жалғастыруда. Өтініш берушілердің өтініші бойынша медиаторлар жұмыс уақыты аяқталса да, кеңесті соңына дейін жеткізуді міндеттеп алған. Себебі, осындай қиын уақытта қоғамға тегін кеңес беретін орталықтардың қажеттіліктері одан әрі артқан секілді. 2020 жылдың басынан бастап 800-ге жуық кеңестер берілсе, 70-ке медиативтік келісімге қол қойылды.

Алдағы болатын Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының XXVI съезінің басты тақырыбы «Әділеттілік пен дамуға бірлікте» болса, негізгі назары Еңбек адамының құқығы болып есептелінеді. Осы «Татуласу орталығының» да ашылуының себебі де – осында, қарапайым тұлға мен жұмыс берушінің арасындағы мәселелерді сотқа жүгінбей өз дәрежесінде шешіп беру. Алайда, орталықта тек еңбек даулары емес, сонымен қатар, мектеп жасындағы бүлдіршіндердің мәселелері мен отбасылық даулар бойынша да білікті, білімді, осы салада тәжірибесі бар медиаторлар мен заңгерлер өз кеңестерін береді.

Мысалы: жақында біздің медиаторлардың кеңесінің арқасында бұрынғы ерлі-зайыптылар арасында алиментті ерікті түрде төлеу және балалардың тұрғылықты жерін анықтау туралы медиацияға қол қойылды. Кеше қылмыстық сот ісін жүргізуде медиацияны қолдану, некені бұзу, отбасын сақтау мүмкіндігі мәселелері бойынша кеңестер өткізілді. Жүгінген адамдар сенімге ие болып, өз мәселелерін шешудің жолын тапқандай болды. «Татуласу орталығының» басты міндеті – халық арасында бітімгершілікті дәріптеп, бәрін әділ түрде шешіп беру.