Кеше, бүгін, ертең –115 жыл бірге!

«Бүгінгі күннің құндылығын бағалағың келсе, кешегі күннің өткелдерін еске ал!»

Кәсіподақтардың құрылу кезеңі сонау 1905 жылғы революция уақытында пайда болған деседі. Сол жылдары қазіргі Батыс Қазақстан облысында, Орал қаласында Шағанның Жайыққа құятын Хан тоғайында 1905 жылы алғаш рет жұмысшылар қозғалысына арналған, революция қатысушылары үшін ескерткіш (обелиск) қойылған болатын. Дереккөздер мәліметіне сүйенсек, дәл осы кезеңнен бастап кәсіподақ қозғалысы – жұмысшылар қозғалысы болып алғашқы бастауын алған көрінеді. Сол кезеңнен бастап қазіргі күнге дейін кәсіподақ қозғалысы өз мақсаттары мен міндеттері жолында қызмет етіп, еңбек адамының сенімді өкілі, лайықты еңбек қатынастарының насихатшысы, әділеттіліктің жаршысы болып келе жатқанына да міне, биыл – 115 жыл. Тарих толқынының қазіргі кәсіподақ жүйесінің құрылымы мен бағыттарын жаңартып, өзгерткені ғана болмаса, мақсаты сол қалпында, сол революция қатысушыларының қалауындағыдай.

Батыс Қазақстан облысы аумағында құрылған кәсіподақ қозғалысының тарихына көз жүгіртер болсақ, құрылымдық ерекшеліктері мен функционалдық міндеттеріне ерекше назар аударуға болады. Облыстық кәсіподақ қозғалысының орталығы өзіне бағынысты ұйымдардан құралған облыстық кәсіподақтар кеңесінен тұрды. Облыстық кеңестің құрамындағы бағынысты ұйымдар: Облыстық туризм кеңесі; кино жөніндегі аймақтық кеңес; бүкілресейлік өнертапқыштар мен рационализаторлар қоғамы; аймақтық ғылыми-техникалық қоғамдық кеңесі; Одақтар үйі басқармасы; кәсіподақ курстары; ерікті спорттық қоғамдастықтар: «Қайрат», «Спартак», «Еңбек»; Кәсіподақтық көркемөнерпаздар үйі болды.

Облыстық кәсіподақтар кеңесінің құрамына облыстық салалық кәсіподақ комитеттері де кірді. Олар: ауыл шаруашылығы, білім және ғылым, денсаулық сақтау, мемлекеттік қызметкерлер комитеті, мәдениет, мемлекеттік сауда және тұтыну кооперациясы қызметкерлерінің комитеті, коммуналдық шаруашылық, құрылыс және құрылыс материалдары, көлік құралдары мен автомобиль жолдары, байланыс қызметкерлері, ағаш, қағаз және ағаш өңдеу өнеркәсібі; өзен флотының Орал бассейнінің жұмысшылары. Кәсіподақтардың облыстық комитеттеріне қарасты әр ауданда райондық кәсіподақ комитеттері болды. Жалпы құрамда 1 – облыстық кәсіподақ кеңесі және 11 ведомстволық бағынысты ұйымдар болды. 12 облыстық кәсіподақ комитеттері және оған бағынысты 97 қалалық-аудандық комитеттер болды. Яғни, сол жылдары жалпы есепте Батыс Қазақстан облысы бойынша 1900-ден астам бастауыш ұйымдары мен 200 мыңға жуық кәсіподақ мүшесі болған. 1995 жылға дейін атауы – Батыс Қазақстан облыстық кәсіподақ кеңесі болып келсе, 2015 жылдың 27 наурызынан бастап бүгінгі күнге дейін «Батыс Қазақстан облыстық кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі болып аталынып, қолданылып келеді. Батыс Қазақстан аумағында құрылған кәсіподақ қозғалысы өз тарихында бірнеше мықты, білікті көшбасшылар мектебінен де өтті. Кәсіподақ жұмысының басы-қасында жүріп, аяғына тұрғызып, бел жазбай еңбек еткен қаншама қызметкерлер бар. Бүгінгі күні кәсіподақ ұжымы өзінің ардагер әріптестерін үнемі еске алып, мерекелерде құттықтап, аға буын өкілдерімен үнемі естелік сұхбатын жүргізіп отырады. Бұл да бір – тарих, бұл да бір – сабақтастық.

Кеше мен бүгіннің арасына көпір болып келе жатқан – «Батыс Қазақстан кәсіподақтар орталығы» АКБ-і бүгінгі таңда, құрамына 16 салалық және жергілікті ұйымдары мен 983 бастауыш ұйымдарын қамтитын, жалпы саны 72 016 адамды құрайтын мүшелігі бар өңірдегі ең ірі еңбек ұйымы болып табылады. Аймақтағы еңбек қатынастарынан туындайтын бірнеше мәселелердің шешушісі, еңбек қауіпсіздіктерінің алдын алып, тиімді еңбек шартының жасалуын қадағалаушысы, жұмысшы топтың, еңбек адамының құқықтарын қорғаушы, жұмысшы өкілдердің құқықтық сауаттылығын арттырушы және тағы да сондай бірнеше міндеттерді атқарып келе жатқан аталмыш ұйым, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының 2 қыркүйек күні оздырылатын 26-шы съезіне қатысуға толықтай дайын.

«БҚО Кәсіподақтар орталығы» АКБ

#ЕдинствоСправедливостьРазвитие
#26съездФПРК
#БірлікӘділеттілікДаму
#ҚРКФ26съезі