Ағымдағы жылдың 2 қыркүйек күні өткізілген Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының кезекті 26-шы съезіне Батыс Қазақстан облысы атынан мен де қатыстым.
Кәсіподақ съезі өз кезегінде маңызды құжаттар мен шешімдерді жиын барысында қабылдады. Соның ең бастысы – «Әділеттілік пен дамуға – бірлікте» деген атаумен 2020-2025 жылдарға арналған стратегиялық бағдарламаның қабылдануы болды. Алдағы 5 жылдыққа құрылған кәсіподақ қозғалысының мақсат-міндеттері барлық салада қызмет етіп жүрген еңбек субъектілерін қамтыған.
Кәсіподақ өмірін белсендендіру, азаматтардың әлеуметтік қорғалуын арттыру мақсатында азаматтардың өтініштерімен жұмысты күшейту, олардың негізді өтініштері мен заңды талаптарын қанағаттандыру, кәсіподақтардың еңбеккерлермен байланысын нығайту мақсатында шаралар ұйымдастырылмақ. Аталмыш бағдарламаның ең ерекше тұсы – еңбек адамын әлеуметтік қамсыздандыру мәселесіне көбірек екпін түсірген. Соның ішінде, әлеуметтік кепілдіктер, әлеуметтік көмектер, жалақы мәселесі, ең төменгі жалақыны арттыру, ең төменгі күнкөріс мөлшерін есептеу әдістемесін өзгерту, тұтыну себетінің құрамы мен құрылымын қайта қарау ұсыныстары қамтылған.
Әлеуметтік кепілдіктер – өнімді еңбек жолында қызметкерді жігерлендіруші бірден бір бағыт деп ойлаймын. Елімізде орын алып жатқан соңғы жағдайлар, денсаулық сақтау саласы мамандарының әл-ауқаты, жалпы еңбек адамының мәселесі дәл осы сөзімнің дәйегі деп білемін.
Қазіргі таңда Батыс Қазақстан облысы бойынша денсаулық сақтау саласы мамандарының 10 841-і кәсіподаққа мүше. Кәсіподақ, бұл орайда, өз жауапкершілігін алға тарта отырып, өзіне мүше мамандардың әлеуметтік сақтандыруы жолында барлық қолдау-көмектерін білдіріп келеді. 2020-2025 жылдарға арналған кәсіподақ стратегиясы негізінде сала мамандарына берілетін әлеуметтік артықшылықтар еселенетін болады. Бұл туралы 2 қыркүйек күні өткен кәсіподақтар қозғалысының 26-шы съезі кезінде Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Телағысұлы өз сөзінде әлеуметтік жәрдемақылардың төлену мерзімін және көлемін ұлғайту туралы бағдарлама бағыттарын айтқан болатын. Дәл қазіргі уақытта Кәсіподақтар федерациясы тарапынан республика аумақтарында пандемия кезінде еңбек еткен ақ халатты кәсіподақ мүшелері үшін еліміздің шипажайларына жолдама беру ұйымдастырылуда. Бұл бастамалар өз жалғасын тауып, сала мамандарының еңбегі мен сенімін ақтайды деп сенім білдіремін.
Махамбет Кусинов
(«SENIM» «Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің БҚО филиалы бойынша төрағасы)