«Казхром» трансұлттық компаниясының Ақтөбе филиалы Ақтөбе ферроқорытпа зауыты ұжымының кәсіподағы жуырда республикалық «Мектепке жол» шарасы аясында 47 жалпы білім беретін орта мектептің оқушыларына қайырымдылық өткізді.
Шарада көмекке мұқтаж көп балалы және аз қамтылған отбасылардың балаларына мектеп сөмкесі, киім-кешек, оқу құралдары, аяқ киімдер табыс етілді.
«Біз зауыт басшылығы мен кәсіподағы мұндай игі шараларға қолдау жасауды өзімізге парыз санаймыз. Еліміздің ертеңі – балаларға қамқорлық көрсету – үлкен сауапты іс. Балалар жақсы оқып, еліміздің дамуына өз үлестерін қосып, үлкен азамат болсын!», – деп Ақтөбе ферроқорытпа зауыты кәсіподақ ұйымының төрағасы Сапарғали Мұқашев.
Мектеп директоры М. Қобландина мен ата-аналар балаларының мектепке баруына ықпал етіп, алаңсыз білім алуларына жағдай жасауға көмектескен ел экономикасына елеулі үлес қосып отырған іргелі кәсіпорын Ақтөбе ферроқорытпа зауыты кәсіподағына үлкен ризашылықтарын білдірді. Мұндай шаралар оқушыларға үлкен қолдау, олардың білім алуына ынталарын арттыратыны сөзсіз.