Батыс Қазақстан облысында әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссияның отырысы өткізілді.
Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссияның төрағасы Аманжол Алпысбаевтың жетекшілігімен күн тәртібінде үш негізгі мәселе қаралды:
– «Жайықмұнай» ЖШС ұжымдық шартындағы әлеуметтік шығындардың мөлшерін қысқарту туралы;
– Кәсіпорындарды ұжымдық-шарттық қатынастар жүйесімен қамтудағы кәсіподақтардың рөлі және осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстары туралы;
– Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі Орал қалалық үшжақты комиссиянының жұмысы жөнінде есеп.
Кездесу барысында «Батыс Қазақстан облысы кәсіподақтар орталығы» АКБ-ның төрайымы Айгүл Есекенова өз сөзінде «Жайықжылуқуат» және «Батыс Су арнасы» жергілікті кәсіподақ ұйымдары ұжымдық шарттарында қамтылған қолданыстағы өз қызметкерлерінің мүддесі үшін жасалған әлеуметтік кепілдіктер мен жеңілдіктерді сақтап қана қоймай, жақсарту және жетілдіру үстінде екенін айтты. «Оған дәлел ретінде ұжымдық шарт бойынша жылдар бойы сақталып келе жатқан қызметтік көліктің ұсынылуы, жеңілдетілген бағаға өндірістік асхананың ұйымдастырылуы, емдік жәрдемақы төлемі сияқты шаралар ұжымдағы әлеуметтік ахуалдың тұрақтылығына зор септігін тигізіп отыр», – деді Айгүл Оразқызы.
Қазіргі таңда, Батыс Қазақстан облысы бойынша тіркелген ұжымдық шарттар саны – 1665-ке жеткен.
Кәсіподақтар төрайымы Айгүл Есекенова өз сөзін жалғай отырып, «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б.в» компаниясындағы кәсіподақ ұйымдары қызметкерлеріне қолданыстағы 2019-2021 жылға арналған Ұжымдық шартына қосымша 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық жұмысшылардың жалақысын ресми құнсыздану деңгейінен төмен емес деңгейде индекстеуден бөлек барлық жұмысшылардың жалақысын 2020 жылы 10,6% ұлғайтылуы және жұмысқа қабылдау кезіндегі жалақы деңгейін 170 000 теңгеден төмен емес деңгейге белгіленуі осы кәсіподақ ұйымдарының келіссөздер нәтижесінде қол жеткізген шараларының бірі екенін атап өтті.