Нұр-Сұлтан қаласының Кәсіподақтар Орталығы төрағасының міндетін атқарушы Т.Күнәділовтың төрағалығымен онлайн режимінде Үйлестіру Кеңесінің отырысы өтті. Кеңеске салалық кәсіподақтардың қалалық филиалдарының төрағалары қатысты.
Отырыста Кәсіподақтар федерациясының XXVI съезінде қабылданған шешімдерден және Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың 2020 жылдың 1 қыркүйегіндегі Қазақстан халқына Жолдауынан туындайтын міндеттер талқыланды. Аталған міндеттерді кәсіподақ мүшелеріне жеткізу мақсатында салалық кәсіподақ активтерінің және бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жиналыстарында ақпараттандыру ұсынылды.
«Съезде алдағы уақытта еңбек адамының лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз етуге бағытталған шешімдер қабылданды. Бұл еліміздің өмір сапасын арттыруға мүмкіндік береді»,- деп атап өтті Нұр-Сұлтан қаласының Кәсіподақтар Орталығы төрағасының міндетін атқарушы Т.Күнәділов.
ҚРКФ XXVI съезінің делегаты, қалалық «Әділет» білім қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Батыр Әлиев еңбек адамының жағдайын жақсарту үшін нақты қадамдар жасалып отырғанын жеткізді.
Бұдан басқа, өзекті мәселелер қаралып, кеңеске қатысушыларға алда келе жатқан «Еңбек күні» мен «Қазақстан Кәсіподақтары күніне» және 2021 жылды «Бастауыш кәсіподақ жылы» деп жариялануына орай іс-шараларға ұсыныстар беру айтылды.