Кәсіподақтар дәрігерлердің денсаулығын қалпына келтіруге көңіл бөлуде

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы тарапынан COVID-19 коронавирусына қарсы күреске тартылған медицина қызметкерлерін қолдау шаралары жүзеге асырылып жатыр. Осы орайда дәрігерлердің денсаулығын қалпына келтіруге елу пайыз жеңілдікпен шипажай-курорттарға емделуге сертификаттар берілуде.

«SENIM» денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлері кәсіподағы қалалық филиалының төрағасы Руслан Сатыбалдиевтің айтуынша, Кәсіподақтар федерациясы ұсынған сертификаттар жергілікті бастауыш ұйымдардың ұсынысымен елордамыздағы 25 медицина қызметкеріне «Көктем», «Мойылды», «Сосновый Бор», «Щучинский», «Манкент», «Меркі», «Жаңақорған», «Ақжайық» шипажайларына демалу үшін табысталған. Медицина қызметкері өзі үшін оңтайлы уақытты таңдап, оңалтудан өтеді. Олардың қатарында дәрігерлер, медбикелер, биолог-зертханашылар, шаруашылық қызметкерлері, жедел жәрдем жүргізушілері де бар.

«Біз, бұдан басқа өз тарапымыздан пандемияға қарсы күрестің алдыңғы легінде жүрген 47 медицина қызметкеріне шипажайларда денсаулығын жақсартуға сертификаттар бөліп отырмыз», – дейді «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлері кәсіподағы қалалық филиалының төрағасы Руслан Сатыбалдиев.

Қазіргі таңда, осы жолдамамен «Манкент» шипажайында ем алып жатқан Нұр-Сұлтан қаласы №3 көпсалалы емханасының медбикесі Гүлнәр Әубәкірова алған әсерімен бөлісіп, жылы лебізін жеткізді.

«Әріптестерім Мәнзура Атамбаева және Роза Базарбаевамен қажетті емімізді алып жатырмыз. Мұнда бізге өте ұнады, біз тұратын бөлме таза, жайлы, қызметкерлері мейірімді, тамағы керемет. Бізге демалысты пайдалы да қызықты өткізуге мүмкіндік берген Кәсіподақтар федерациясына шынайы алғысымызды білдіреміз», – дейді сертификат иегері.