Ағымдағы жылдың 17 қыркүйегінде «Үлес» кеңсесінде әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу саласындағы ынтымақтастықты ілгерілету, жәрдемдесу және нығайту мақсатында Әлеуметтік өзара ықпалдастық және коммуникациялар орталығы мен «Маңғыстау облысының Кәсіподақтар орталығының» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі арасында өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.
Кездесуде Әлеуметтік өзара ықпалдастық және коммуникациялар орталығының бас директоры Елдос Өмірзақұлы мен Маңғыстау облысының кәсіподақтар орталығының төрағасы Шадрақ Ермекбайұлы сөз сөйледі.
Жиынға «Самұрық Қазына» қорына тиесілі еншілес ұйымдар мен Маңғыстау облысының Кәсіподақтар орталығының төраға орынбасары Көлдеубаев Наурызбек және кәсіподақ өкілдері қатысты.
Тараптар қолда бар қорлары мен ресурстарын ескере отырып, меморандум аясында – еңбек даулары мен жанжалдарға тиімді ден қоюға, еңбек қатынастары талаптарына сәйкес келіссөздер жүргізу дағдыларын дамытуға, оқыту іс-шараларын ұйымдастыруға, тараптар арасындағы жұмыс топтарына, арнайы комиссияларға және басқа да консультациялық-кеңесші органдарға қатысуға және жедел ақпараттармен алмасуға келісті.
Бұл ынтымақтастықтың негізгі міндеттері болып, идеялармен, ақпаратпен және әдіснамалармен алмасу үшін қолайлы жағдайлар жасау, өзара бірлескен зерттеулер мен әзірлемелерді ұйымдастыру болып табылады.