Маңызды құжат кәсіподақ қозғалысына серпін береді

Нұр-Сұлтан қаласының бастауыш кәсіподақ ұйымдарында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының “Әділеттілік пен дамуға – бірлікте!” деген атаумен 2020-2025 жылдарға арналған Стратегиясының негізгі ережелерін зерделеу және талқылау бойынша түсіндіру жұмыстары жалғасуда.

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласының Кәсіподақтар орталығы төрағасының міндетін атқарушы Төлеген Күнәділов «Қазақстандық теміржол, автокөлік, әуе және су көлігі қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» «Астана» филиалының төрағасы Серік Сәрсекееевтің төрағалығымен өткен отырысқа қатысты.

Кездесу барысында Т.Күнәділов ағымдағы жылғы 2 қыркүйекте өткен Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының XXVI съезінің 2020-2025 жылдарға арналған Стратегиясында айқындалған кәсіподақтар қозғалысын жаңғырту мен реформалаудың жолын анықтайтын және жұмысшылардың еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін сенімді қорғауды одан әрі қамтамасыз ететін міндеттеріне тоқталды.

Өз кезегінде Серік Сәрсекеев: «Съезд 2021 жылды «Бастауыш кәсіподақ ұйымы жылы» деп жариялау туралы шешім қабылдады. Бұл кәсіподақ қозғалысына жаңа серпін береді. Сонымен қатар, өткен аптада Республикалық үшжақты комиссияда айтылған Кәсіподақтар Федерациясы төрағасының ұсыныстары еңбек адамының көкейінде жүрген сұрақтарға жауап тапқандай сезім қалдырды»,- деп атап өтті.

Отырысқа қатысқан «Қазкөліккәсіптің» бастауыш кәсіподақ төрағалары мен төрайымдары кәсіподақ мүшелерін қазіргі таңда толғандыратын мәселелер туралы сөз қозғап, кейбір өзекті сұрақтарды жоғары деңгейдегі кәсіподақ, қалалық әкімшілік жауапты қызметкерлері алдында көтеруді сұрады.