Ағымдағы жылдың 23 қыркүйек күні “БҚО кәсіподақтар орталығы” АКБ жанындағы “Келешек” жастар кеңесінің төрайымы Ақерке Шайқы Қазақстан-Орал радиосының “Жалынды жастар” бағдарламасында шақырулы спикер болып, жастар қозғалысының жай-күйінен хабар берді.
“2020 жылдың 2 қыркүйек күні Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының 26-шы съезі өткізіліп, кәсіподақтар қозғалысының 2020-2025 жылдарға арналған стратегиясы қабылданды. Бұл орайда, “Келешек” жастар кеңесінің алдағы жоспарлары да өзінің салаларын кеңейтіп, қызметтерін күшейтпек. Ендігі жерде келешектік жастар – кәсіподақтың құрамына жас буынның легін қалыптастырып ғана қоймай, сол жас мамандарға құқықтық бағыт-бағдар беріп, әлеуметтік-ақпараттық қолдау көрсетіп, жұмысшы жастардың қоғамдағы белсенділіктерін арттыру шараларымен де айналысатын болады. Аталмыш кәсіподақ жастарынан құралған белсенді ұйымның маңыздылығы еліміздегі төтенше жағдай кезінде ерекше білінді десем артық айтпағаным болар. Батыс Қазақстан облысы бойынша “Келешек” жастар кеңесі 2 ай бойы “Тегін әлеуметтік дүкен” жобасын ұйымдастырып, өңіріміздегі 20 әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға тегін азық-түлік кәрзеңкелерін үлестіріп, киім-кешек пакеттерін табыстаған болатын. Кәсіподақ жастарының мұндай белсенді бастамалары алдағы уақыттарда да өз жалғасын табады деп сенемін”, – деді жастардың өкілі Ақерке Шайқы.