Ақтөбе облысында мәдениет саласында отбасымен өнердің тізгінін ұстап, татулығымен көпшілікке өнеге болып жүрген отбасылар жетерлік. Солардың бірі –Ырғыз ауданындағы Бердалиевтер отбасы.
Бердалиевтер халықтық үлгілі отбасылық ансамблі 2000 жылы “Жаңа ғасыр” деген атпен құрылған еді. Ансамбльдің алғашқы құрамында 7 адам болды, қазіргі кезде 14 адам бар. Сол 2000 жылдан бері «Арай» мәдениет үйінің ұжымымен бірлесіп, жұмыс жасап келеді. Әрбір мерекеде өз өнерлерін көрсетіп жүр. Сонымен қатар өздерінің жеке концертін ұйымдастырады, гастролдік сапарларға шығып тұрады.
Жыл сайын Ырғыз ауданында өтетін «Аймақты әнімен тербетіп … » атты өнер мерекесінде өз өнерлерін көрсетіп отырады. Ансамблдің құрамында осы балалардың зейнет жасындағы анасы «Шуақты әжелер» ансамблінің мүшесі Қайыпова Клара бар. Ансамблдің әншілері Ақылбек Бердалиев 2000 жылы «Аймақты әнмен тербетіп…» фестивалінде бас жүлдені жеңіп алды. Ал Алтынбек Бердалиев 2005 жылы бас жүлдені иеленді. 2014 жылы Бердалиев Мейрамбек осы байқаудың дипломанты атанды.
Ансамблдің жетекшісі Ратбек Бердалиев облыста өткен термешілер байқауына қатысып, 1 орын жеңіп алған және 1987 жылы бүкілодақтық 2-ші өнер фестивалінде өнер көрсетіп, лауреант атағына алды. Жалпы ансамблдің құрамындағы әншілер көптеген байқауларда жүлделі орын алып жүр. Ансамблдің репертуарында халық әндері, эстрадалық әндер, ақындардың өлеңдерін мәнерлеп оқу, қазақ және өзбек биі, терме, ұлт аспаптардың сүйемелдеуімен әндер мен күй жанрлары бар. 2015 жылдың наурыз айында «Өнердің кемесінде бірге жүзген» атты Бердалиевтер отбасылық ансамблі өз концерттерін қойып, одан түскен қаржыны Ырғыздың 170 жылдық мерейтойының қорына аударды. Осы өнер жолында жүрген Бердалиевтер отбасылық ансамблінің алған жетістіктері де аз емес. Облыстық мәдениет басқармасының, салалық кәсіподақ, аудан әкімінің, аудандық мәдениет бөлімінің, мәдениет үйінің т.б сияқты басшылардан алған алғыс хаттар мен дипломдар бар.
2019 жылы Бердалиевтер отбасылық ансамблінің атағын қорғады. Бердалиевтер отбасы өте ұйымшыл, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып тұрады. Жыл сайын репертуарларын жаңа әндермен толықтырып келеді. Осы ансамблдің көркемдік жетекшісі Бердалиев Ратбек Мағзұмұлы 1962 жылы Қызылорда облысы Арал ауданында дүниеге келген. 1969 жылы Ақтөбе облысы Ырғыз ауданына қарасты Тәуіп Кеңшарындағы Қаракөл орта мектебінің табалдырығын аттаған. 1979 жылы Ырғыз ауданындағы Ы. Алтынсарин атындағы қазақ орта мектебін бітірген. Әскери борышын өтеген соң, еңбек жолын 1983 жылы Ырғыз аудандық мәдениет бөліміне қарасты №24-ші автоклуб меңгерушісі болып бастаған. 1985-1988 жылдар аралығында Ақтөбе мәдени ағарту училищесінде қазақ ұлт аспаптар оркестр мамандығы бойынша бітірді. Содан бері осы мәдениет үйінде қызмет етіп келеді.
Бердалиевтер отбасылық ансамблі өз ерекшелігімен, тиянақты дайындығымен көрермендер ықыласына бөленіп жүр. Осындай отбасылық өнер иелері өресі биік, өнерлі ұрпақ тәрбиелеуде көпшілікке үлгі. Талабы бар, бойларына талант дарыған отбасыларды қолдау, олардың шығармашылықтарын шыңдауға кәсіподақтар да мейлінше көмегін көрсетеді.