25 қыркүйек, жұма, Еңбек күні қарсаңында Қазақстан Республикасы кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин партияішілік праймеризге қатысушылармен онлайн режимінде кездесу өткізді (праймеризге облыстардан үміткерлер Zoom онлайн бейнеконференция платформасы арқылы қатысты).
Кәсіподақтардың осы сайлау науқанына қатысуы Кәсіподақтар Федерациясы мен «Нұр Отан» партиясы арасындағы Меморандумды жүзеге асырудың жалғасы. Партияішілік праймериз Қазақстанда тұңғыш рет өткізіліп отырғанын ескерсек, кәсіподақ белсенділерінің мұндай саяси науқанға қатысуы – бұл елдің кәсіподақ қозғалысы тарихындағы жаңа кезең. Ел тарихында бірінші рет өткізіліп отырған «Нұр Отан» ХДП-ның праймеризіне қатысуға 2,7 мың кәсіподақ белсенділері өтініш білдірді.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин кәсіподақ белсенділерінің партияішілік праймеризге қатысуы «Нұр Отан» партиясымен ынтымақтастықты дамытуда тәжірибелік нәтижелер беретіндігін атап өтті.
«Біз ұсыныстарымыздың, соның ішінде еңбеккерлердің билікпен, бизнеспен қарым-қатынасы және еңбекақы, еңбекті қорғауға қатысты үміттері партияның сайлауалды бағдарламасына енуі үшін «Нұр Отан» партиясымен қол қойылған меморандум аясында жұмысты жалғастырамыз. Бұл бағдарламаны шынымен де Халықтық бағдарламаға айналдыруымыз керек.Кәсіподақтар федерациясы саяси ұйым емес, бірақ біз саяси додаларға белсенді қатысқысы келетін кәсіподақ мүшелеріне қолдау көрсетеміз. Біз саяси мақсат қоймаймыз, біз әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан мүдделіміз. Біздің міндетіміз – атқарушы және заң шығарушы билікке еңбек адамының мүдделері аясындағы маңызды мәселелерді жеткізу және күн тәртібін осы мәселелер бойынша құру», – деп атап өтті Кәсіподақтар Федерациясының Төрағасы.
Ол кездесу Қазақстанда қыркүйектің соңғы жексенбісінде атап өтілетін Еңбек күніне орайластырылғанын атап өтті. Мереке Республика Президентінің Жарлығымен 2013 жылдың қараша айында жұмысшы мамандықтарын құрметтеу дәстүрін жаңғырту және адал еңбекті дәріптеу мақсатында белгіленген.
Сонымен қатар, Сатыбалды Дәулеталин кәсіподақ белсенділерінің сайлау процестеріне қатысуы кәсіподақ қозғалысының негізгі басымдықтарын, атап айтқанда, оның ең бастысы – Еңбек Адамы, оның құқықтары мен мүдделерін қорғауды ілгерілету үшін маңызды екенін мәлімдеді.
«Сіздердің праймеризге қатысуларыңыз арқылы партия сайлаушылары-партияластардың назарын ең маңызды қозғаушы күш – Еңбек адамына, оның өзекті проблемаларына аудару өте маңызды. Сіздердің сайлауалды бағдарламаларыңыз, менің ойымша, әлеуметтік-еңбек саласындағы мәселелер мен олардың шешімдерін қамтыған, бұл еңбек құндылықтарын насихаттаудың бір түрі. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа Жолдауында еңбектің біздің күнделікті өміріміздегі және жалпы қоғамның дамуындағы маңызы туралы айтты », – деді Сатыбалды Дәулеталин.
Кәсіподақтар Федерациясы Төрағасының айтуынша, кәсіподақ белсенділерінің праймеризге қатысуы және жеңіске жетуі кәсіподақтардың қарапайым мүшелері – кәсіпорындар мен ұйымдардың қызметкерлері үшін маңызды. Өйткені кәсіподақ қозғалысы өкілдерінің заң шығарушы органдарда болуы кәсіподақтардың жұмыскерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау, лайықты жалақы мәселелерін шешу және олар үшін қауіпсіз жұмыс орындарын құруды қамтамасыз ететін заңдарды қабылдауға тікелей әсер етуіне мүмкіндік береді.
Сатыбалды Дәулеталин атап өткендей, барлық осы міндеттер мен оларды жүзеге асырудың жолдары Федерацияның 2 қыркүйекте өткен КРКФ-ның кезекті 26-шы съезінде қабылданған 2020-2025 жылдарға арналған стратегиясында көрініс тапты. Стратегияда осы мақсаттарға жетудің құралдары анықталған. Олар: тиімді әлеуметтік әріптестікті дамыту, жалақы мәселелерін шешу, жұмыс орнында қауіпсіз жағдай жасау, кәсіподақ пен еңбек заңнамаларын жетілдіру.
Өз кезегінде, кездесуге қатысушылар яғни кәсіподақ белсенділері өз тәжірибелерімен бөлісті және сайлауалды тұғырнамалардағы негізгі басымдықтарды анықтады. Мәселен, тәжірибелі кәсіподақ қызметкері, «Казпрофметалл» тау-кен металлургия кәсіподағы төрағасының орынбасары Раушан Даумованың айтуынша, партияішілік праймеризге Павлодар облысынан қатысып жатқан кәсіподақ белсенділері бірыңғай шоғырландырылған үгіт-насихат штабын құрған және сайлаушылармен кездесулерді бірге өткізуде. «ЮСС СупортСервисез» ЖШС-нің кәсіподақ ұйымын 12 жылдан бері басқарып келе жатқан Марал Көшенов сайлаушылармен кездесулерде мұнай сервистік компаниялардағы еңбек жанжалдарын жұмысшылардың құқығын тиімді қорғайтын Ұжымдық келісімшарт қабылдау негізінде шешу тәжірибесімен бөлісетінін атап өтті. Қарағандылық жас кәсіподақ жетекшісі Нұрлан Әубәкіров бастауыш партия ұйымының төрағасы бола отырып, кәсіподақ қызметін партия қызметімен ұштастырып отырғанын айтты. Бұл оған аймақтағы жастардың проблемаларын шешуге тиімді ықпал етуге көмектеседі екен. Қостанай облысындағы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Екатерина Смышляева өзінің сайлауалды бағдарламасын әлеуметтік-экономика саласындағы менеджерлермен және сарапшылармен, қарапайым жұмысшылармен басымдықтарды талқылау негізінде жасаған. Ал Қазақстанның тәжірибешіл экологтар қауымдастығының төрайымы Лаура Мәлікова, өзінің сайлауалды бағдарламасында жасыл жұмыс орындарын құруды басым бағыттардың бірі ретінде белгілеген.
Кәсіподақтардың праймеризге қатысушыларымен кездесуді аяқтай отырып, КРКФ Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин белсенділерге сайлау алдындағы жарыстың соңғы шешуші аптасында сәттілік тіледі. «Сіздердің басты міндеттеріңіз пафосты декларациялар мен месседждер емес, Еңбек Адамының проблемаларын шешу бойынша нақты ұсыныстар» деп аяқтады өз сөзін ҚРКФ Төрағасы.
Еске салайық, 2020 жылдың 5 маусымында еліміздің Тұңғыш Президенті, «Нұр Отан» партиясының Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев праймериз өткізу туралы Жарлыққа үстіміздегі жылдың 17 тамызы мен 3 қазаны аралығында қол қойғаны туралы хабарланған болатын
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының баспасөз қызметі