НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Nur Otan»-ның партияішілік праймеризіне қатысушы кәсіподақ белсенділері сайлауалды бағдарламада қандай мәселелерді көтеретінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Праймериз кәсіподақ белсенділеріне үлкен мүмкіндіктер береді. Біздің кәсіподақтың басты міндеті – еңбек адамына қолдау көрсету. Менің сайлауалды бағдарламамның басым міндеттері – әлеуметтік жаңғырту курсын жүзеге асыру, лайықты жалақы енгізу. Сонымен қатар, қауіпсіз еңбек жағдайын жасау, жұмысшылардың еңбек құқықтарын қамтамасыз ету, қашықтан жұмыс істеудің құқықтық мәртебесін анықтау және нақтылау. Әр қатысушыға сәттілік пен жетістік тілеймін. Егер біздің стратегиямыз жүзеге асса – жұмысымыз нәтижелі болмақ», – дейді «YNTYMAQ» салалық кәсіподақ төрағасы Қайрақбай Жаңабеков өзінің сайлауалды бағдарламасы туралы. Праймеризге Қазақстанның білім және ғылым қызметкерлерінің салалық кәсіподағы төрағасының орынбасары Әлия Әбиева да қатысуда. Ол өзінің сайлауалды бағдарламасында лайықты жалақы, ана мен баланы қорғау мәселелерін қамтитынын айтты. «Бұл жиынға елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартқысы келетін, қоғамның игілігі үшін қызмет етуге дайын қамқор адамдар жиналды. Біз бәріміз бір партияның мүшесіміз, біздің мақсатымыз бір. Сондықтан жеңімпаздардың барлығы осында. Мен сайлауалды бағдарламамның үш ерекшелігі бар екенін байқадым. Біріншіден, бұл әлеуметтік желіні жүргізу. Бұл, әрбір қатысушы үшін маңызды. Өзімнің сайлау науқанымда креативті бейнематериалдар жасағанымды атап өткім келеді. Сонымен қатар, әлеуметтік жобалар мен жарнамалық акцияларға қатысу өте маңызды. Жақында «Білімді ел» игі іс-шарасына қатыстым. Сайлауалды бағдарламам туралы айтар болсам, мен лайықты жұмыс пен жалақы, ана мен баланы қорғау, салауатты имидж, жас мамандар мен талантты жастарды қолдауды қолдаймын», – дейді Әлия Абиева. Ал Шерзод Пулатовтың айтуынша, оның сайлауалды бағдарламасының маңызды бағыты мемлекеттік тілмен, этносаралық қатынаспен байланысты. «Сайлауалды бағдарламамызға осы мәселелерді қоссақ – жетістікке жетеміз деп ойлаймын. Сонымен қатар, белсенді болып, әлеуметтік желілерде қандай мәселеге көңіл бөлетінімізді айтып отырсақ – нәтиже болады», – дейді ол.