“СНПС-АйДан Мұнай”: Жалақыны көтеру мәселесі ашық күйінде қалды

23 желтоқсанда Қызылордада «СНПС-АйДан Мұнай» компаниясында жұмыскерлердің жалақыны көтеру туралы талаптары бойынша кездесу өтті.

Кездесуге Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары, «Қазақстандық мұнай-газ кешенінің салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сұлтан Қалиев, Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы Серік Сермағамбетов, салалық кәсіподақтың облыстық филиалының төрайымы Алтынхан Искакова, мұнай компанияларының кәсіподақ төрағалары, компания басшылығы мен жұмыскерлер қатысты.

Жұмыскерлердің айтуынша, 2018 жылдан бері компанияда жұмыскерлер жалақысы қазіргі нарықта сапалы өмір сүру үшін тым жеткіліксіз, сондықтан олар жалақыны көтеру мәселесімен компания басшылығына ұсыныс жасаған. Кездесу барысында жұмыс берушілер тарапынан компанияның қаржылық-экономикалық жағдайы нашарлауына байланысты жалақыны көтеру мүмкіндігі жоқ екендігі алға тартылды.

Шұғыл түрде бұл мәселе бойынша жұмыскерлер мен жұмыс берушілер тараптары жұмылдырылған жұмысшы тобы құрылып, қысқа мерзім ішінде компанияның өндіріс көлемі, әкімшілік шығындары жан-жақты талдануы келісілді. Жұмысшы тобының ұсынымдарына сәйкес компания жұмыскерлерінің жалақы мәселесі алда тағы да талқыланатын болады.