Алдымен олар «СНПС-Ай-Дан Мұнай» АҚ ұжымындағы әлеуметтік-еңбек ахуалын тұрақтандырды.
Атап айтқанда, өткен жылдың желтоқсан айында Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі «Қазақстандық мұнай-газ кешенінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі, жергілікті билік өкілдерімен бірге «СНПС-Ай Дан Мұнай» АҚ жұмыскерлерінің жалақыны көбейту туралы талаптарына сәйкес компания басшылығымен бірнеше мәрте кездесіп, келіссөздер жүргізді. Нәтижесінде компания басшылығы пандемия кезінде вахтада жұмыс жасаған жұмыскерлерге 42500 теңгеден бір реттік материалдық көмек көрсетіп, вахталық жұмыстағы 4-ші разрядты операторларды 5-ші разрядқа көтеріп, вахталық әдіспен жұмыс жасайтын 240 жұмыскердің жалақысын 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап 15 пайызға көбейтетін болды. Әрі мұнай өндіру көлемі 120 мың тоннаға жеткен жағдайда, жалақыны көтеру мәселесін қайта қарастыруды уәде етті.
Қызылордалық кәсіподақтар жақын күндері нүктесін қойған келіссөздер «Қуат-АмлонМұнай» БК ЖШС жұмыскерлерінің талабына қатысты болды. Серіктестік жұмыскерлері жұмыс берушінің ұжымдық шарт талаптарында қарастырылған әлеуметтік көмектердің көлемін азайту туралы бастамасына келіспеушіліктерін білдіріп, жалақыны көтеруді былтырғы желоқсанда талап еткен еді.
Аумақтық кәсіподақтар бірлестігі, кәсіподақ белсенделері және тиісті мемлекеттік орган басшыларымен бірлесіп, аталған мәселе бойынша 5 қаңтарда компания басшылығымен кездесіп, жұмыскерлер талаптарының басым бөлігі қанағаттандырылатын болып шешілді.
Атап айтқанда, кәсіпорын басшылығы ұжымдық шартта көрсетілген барлық әлеуметтік төлемдер толығымен сақталады, жұмыскерлердің арнайы киімдері мен мұнай кенішіндегі жұмыскерлердің тамақ мәзірінің сапасы арттырылып, 2021 жылдың бірінші жарты жылдығында жұмысшылар арасында разрядттарды тағайындау үшін аттестация өткізетін болды. Сонымен қатар, жалақыны көтеру жөніндегі мәселені қаржылық жағдайға байланысты қайта қарауға уәде берді.