Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығы үйлестіру кеңесінің отырысы онлайн түрде ұйымдастырылды. Оған салалық және жергілікті кәсіподақ ұйымдары жетекшілері қатысты.
Ақтөбе облысы кәсіподақтар орталығының төрағасы Алтынбек Әмірғалиев қатысушыларды Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының 2020-2025 жылдарға арналған «Әділеттілік пен дамуға – бірлікте» стратегиясын жүзеге асыру бойынша негізгі іс-шаралар жоспары мен ҚРКФ Бас кеңесінің шешімдері және «Бастауыш кәсіподақ ұйымы жылы» аясында атқарылар жұмыстар туралы хабардар етті.
Кәсіподақтардан ҚР Парламенті Мәжілісі мен жергілікті мәслихаттарға үміткерлердің белсене қатысқаны да айтылды. Ақтөбе облысынан 60-қа тарта бастауыш ұйым мүшелері депутат болып сайланған. Бұл – Ақтөбе облысындағы кәсіподақ мүшелерінің белсенділігін көрсетеді. Оның 30-ға жуығы білім беру, 10-нан астамы мәдениет, спорт, қалғаны өндіріс, пошта, теміржол салаларынан екенін төраға орынбасары Жеңісбек Ақбергенов баяндады.
Сонымен қатар қатысушыларды заң мәселелері жөніндегі бас маман Ізбасар Кенжебаев ҚР КФ марапаттау рәсімін жетілдіру тұжырымдамасының жаңа талаптарымен таныстырды.
Үйлестіру кеңесінде сондай-ақ кәсіподақтардың «Бастауыш кәсіподақ ұйымы жылына» орай республикалық конкурсқа қатысу мәселелері қаралып, Салалық және жергілікті кәсіподақ төрағаларының ұсыныстары тыңдалды.