27 қаңтарда Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин ҚР Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттары болып сайланған кәсіподақ көшбасшыларымен кездесті.
Іс-шараға Парламент Мәжілісінің депутаттары Берік Бекжанов, Екатерина Смышляева, Мейрамбек Төлепберген, Ерлан Саиров қатысты. Мәслихат депутаттары отырысқа бейнеконференциялық байланыс арқылы қосылды.
Кездесуді ашқан ҚРКФ төрағасы әріптестерін заң шығарушы және жергілікті өкілді органдар депутаттарын жаңа мәртебесімен құттықтады.
Сатыбалды Дәулеталин сайлаудың елдегі кәсіподақ қозғалысының өміріндегі маңызын атап өтті.
«Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдық тарихында тұңғыш рет кәсіподақтың үш көшбасшысы ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты атанды. Сайлау қорытындысы бойынша кәсіподақ мүшелерінің қатарынан 300-ге тарта үміткер түрлі деңгейдегі мәслихаттар депутаттары болып сайланды. Жалпы партияішілік праймеризге ҚРКФ мен оның мүшелік ұйымдарынан 2700 кәсіподақ белсендісі қатысқан болатын. Ал сайлаудың барысын 7000-ға жуық кәсіподақ белсендісі тәуелсіз байқаушылар ретінде бақылады. Бұл жеңіс бәрімізге ортақ, бұл ең алдымен жұмысшы мүддесін кәсіби негізде күнделікті, талмай алға бастырып келе жатқан, 115 жылдық тарихи бар кәсіподаққа деген халықтың сенімі», — деді ҚРКФ төрағасы.
Сатыбалды Дәулеталин депутаттардың назарын оларға берілген әрбір дауыстың артында Еңбек Адамы тұрғандығына аударды. Сонымен бірге ҚРКФ төрағасы жаңадан сайланған депутаттарға Кәсіподақтар федерациясының 2 миллионға жуық мүшесінің аманатын жеткізіп, бірлескен қызметтің бірқатар басым бағыттарын атап өтті. Олардың барлығы Кәсіподақтар Федерациясының «Әділеттілік пен дамуға – бірлікте» Стратегиясына негізделген.
«Біздің үміткерлер өздерінің сайлауалды бағдарламаларына Федерацияның 26-шы съезінде қабылданған 2020-2025 жылдарға арналған Стратегиясындағы міндеттер мен оларды жүзеге асыру жолдарын негіз етіп алды. Бұл құжат жұмыскерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін тиімді әлеуметтік әріптестікті дамыту, жалақы мәселелерін шешу, жұмыс орнында қауіпсіз жағдай жасау, кәсіподақ және еңбек заңнамасын жетілдіруге бағытталған»,-деді Сатыбалды Дәулеталин.
Ең алдымен, ол кәсіподақ сарапшыларының қолдауы мен ұстанымын ескере отырып, заң шығару мен шешім қабылдау сапасын арттыру бойынша күш біріктіруді ұсынды.
Сонымен қатар, еңбек заңнамасын жетілдіру, Әлеуметтік кодексті әзірлеу, «Қоғамдық бақылау туралы» заңды қабылдау, «Кәсіподақтар туралы» заңды жаңарту және Халықаралық еңбек ұйымының №102 және 131 конвенцияларын ратификациялау бойынша бірлескен жұмыстың маңыздылығын атап өтті.
«Кәсіподақтар федерациясы депутаттармен бірге« Әлеуметтік әріптестік туралы» жаңа заң жобасын әзірлеуге ниетті. Қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдай жұмыскерлердің өкілдері, жұмыс берушілердің өкілдері мен Үкімет арасындағы қарым-қатынастардың негізгі қағидаттарын жетілдірілген заңнамалық деңгейде бекітуді талап етеді», — деді Сатыбалды Дәулеталин.
Сонымен қатар, кәсіподақтардың депутаттық корпуспен жалақыны жақсарту саласындағы бірлескен жұмысы туралы бастама жарияланды.
«Ең алдымен, еңбекке қабілетті халықтың өмір сүру минимумына негізделген еңбекті бағалаудан дамушы тұтыну стандарттарына көшу тұжырымдамасын әзірлеу, тұтыну себетінің құрамын жаңарту және өзіндік құнын есептеу қажет. Оның ішінде жалақыны міндетті жылдық индексациялау туралы шешімді қабылдау. Индексациялауды осы және тағы да басқа жолдармен қамтамасыз етпейтін жұмыс берушілер бұл әрекеттен жалтарады, жұмысшыларды «тонап» қана қоймайды, сонымен қатар әлеуметтік шиеленісті тудырады, өйткені олар «Кедей жұмыскер» санатын қалыптастырады, — деп атап өтті ҚРКФ төрағасы.
Қабылданған заңдарға бірлескен талдау жүргізу қажеттілігі де айтылды.
«Бұл біздің жұмысымыздағы өте маңызды, өйткені қабылданған заңдар әрқашан тиімді жұмыс істей бермейді. Заңның нормалары экономикаға қалай әсер ететінін, олардың Еңбек Адамын қалай қорғайтынын және оның мәселелерін қалай шешетінін талдау қажет», — деді Сатыбалды Дәулеталин.
Кәсіподақтар Федерациясының төрағасы Мәжіліс регламентіне өзгертулер енгізу қажет деген пікір білдірді, оған сәйкес еңбек саласындағы заң жобалары алдын-ала қаралуы үшін әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі Республикалық үшжақты комиссияға жіберілер еді.
Кәсіподақтардың ең маңызды әлеуметтік-еңбек мәселелер бойынша заңшығарушылық қызметке толыққанды қатысуын қамтамасыз ету үшін ҚРКФ басшысы депутаттарды кәсіподақтарға заңнамалық бастама құқығын беру мәселесіне ерекше назар аударуға шақырды.
«Өздеріңіз білетіндей, 2007 жылы конституциялық өзгерістердің және пропорционалды сайлау жүйесіне көшудің нәтижесінде кәсіподақтар жоғарғы заң шығарушы органда өкілдік құқығынан айырылды. Кәсіподақтарға заңнамалық бастама құқығын беру әлеуметтік әріптестіктің тиімділігін көтере алады және осылайша жұмыскерлердің әлеуметтік және еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғауды арттырады. Ақпарат үшін мен бірқатар сандарды келтіре кетейін, сайлауға қатысатын барлық партия мүшелерінің саны шамамен 1,5 миллион адамды құрайды. Бір ғана Кәсіподақтар федерациясы өз қатарына шамамен 2 миллион адамды біріктіреді », — деді Сатыбалды Дәулеталин.
Жұмыскерлердің мүдделерін тиімді ілгерілету үшін Кәсіподақтар Федерациясының төрағасы Мәжілісте Кәсіподақтар Федерациясының қолдауымен сайланған депутаттармен бірге фракцияаралық депутаттық топ құруға ниетті екенін мәлімдеді.
«Оның құрамына кәсіподақ қозғалысымен ынтымақтастықты маңызды деп санайтын және өз қызметінде кәсіподақтардың пікірін ескеретін депутаттар кіруі мүмкін. Бұл топты құрудың басты мақсаты — әлеуметтік-еңбек және онымен байланысты экономикалық және қоғамдық қатынастар саласындағы заңнаманы жетілдіру», — деді Сатыбалды Дәулеталин. Осындай ынтымақтастыққа қол жеткізу үшін, ҚРКФ төрағасының айтуынша, Федерация партиялық фракциялармен, сондай-ақ салалық кәсіподақтар мен Мәжілістің профильді комитеттері арасында ынтымақтастық пен өзара іс-қимыл туралы келісім жасасуға ниетті. Сонымен қатар, кәсіподақтар атынан сайланған депутаттар өз сайлаушылары-кәсіподақ мүшелерімен тығыз байланыста болып, әлеуметтік-еңбек саласындағы мәселелерді жедел шешуі үшін федерация мен оның барлық аумақтық кәсіподақ орталықтарында қоғамдық қабылдау бөлмелері ашылатын болады. Әлеуметтік-экономикалық мәселелердің оң шешілуіне ықпал ететін тиімді құралдың тағы бірі –депутаттық сауал. «Сіздер еңбеккерлердің өзекті мәселеріне назар аудартуда оны белсенді пайдаланасыздар деген сенімдемін»,-деді ҚРКФ төрағасы.
Кәсіподақтар сонымен бірге жергілікті деңгейде әлеуметтік әріптестермен байланысты нығайтуға ниетті. Сатыбалды Дәулеталиннің айтуынша, кәсіподақтар федерациясы кәсіподақ мүшелері қатарынан мәслихаттар депутаттарына кәсіпорындар мен ұйымдардың қарапайым жұмысшыларының мүдделеріне жауап беретін аймақтарды дамытудың тиімді экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларын қабылдау мен бекітуде үлкен үміт артады.
Өз кезегінде Парламент Мәжілісінің депутаттары Федерацияға жұмыскерлердің мүдделерін қорғаудағы жергілікті қоғамдық қызметте кәсіподақ көшбасшылары ретінде алған тәжірибелері үшін алғыс білдірді.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы Төрағасының бұрынғы орынбасары, қазір Парламенттің төменгі палатасының депутаты Ерлан Саиров «Нұр Отан» партиясы мен Кәсіподақтар Федерациясының қарапайым қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсартудағы мақсаттары сәйкес келетіндігін атап өтті.
«Еңбек адамының құқығын қорғау — біздің ортақ мақсатымыз. Сондықтан біз өзімізге жүктелген жауапкершілік жүгінің салмағын түсінеміз », — деп атап өтті Ерлан Саиров.
Осы уақытқа дейін Жамбыл облысының кәсіподақ орталығын басқарған Парламент Мәжілісінің депутаты Мейрамбек Төлепберген кәсіподақтар арасынан шыққан жоғарғы заң шығарушы орган депутаттары, жергілікті өкілдік органдар депутаттарының әлеуметтік әріптестіктің аймақтардағы әлеуметтік-еңбек қатынастарын жақсартудағы бірлескен жұмысының маңыздылығын атап өтті.
Шымкенттегі партияішілік праймериздегі іріктеуден сәтті өтіп, Мәжіліс депутаты болып сайланған Берік Бекжанов, оның басты мақсаты әлеуметтік-еңбек саласын дамыту үшін тиімді заң жобаларын әзірлеуге және қабылдауға қатысу екенін баса айтты.
Бұған дейін Қостанай облысы кәсіподақ орталығының жетекшісі болған, Парламент Мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляева кәсіподақтардың биліктің барлық деңгейлеріндегі өкілдігінің жоғары жетістіктерін атап өтті.
«Кәсіподақтар белсенділері — кез-келген сайлау науқанына дайын адамдар. Федерацияда лауазымдар сайланбалы. Кадрлар ұстаханасы ретінде кәсіподақтар осы жылы саяси алаңдардың мүмкіндіктерін пайдалана отырып, өз белсенділерін сайлау процесіне белсенді түрде қатыстырды. Біздің ортақ міндетіміз — Еңбек Адамының мүдделері көрініс табатын және барлық бастамалардың жүзеге асырылуы үшін қолайлы құқықтық негіз жасайтын бағдарламалық нұсқауларды орындау », — деді Екатерина Смышляева.
Білім және ғылым қызметкерлерінің салалық кәсіподағының облыстық филиалын басқарған Қызылорда облысы мәслихатының депутаты Гүлнәр Есқалиева бюджеттік сала қызметкерлері үшін жалақыны біртіндеп көтерудің маңыздылығына назар аударып, оларды шешуге өз деңгейінде бастамашылық жасайтынын жеткізді.
Павлодар қаласы мәслихатының депутаты, «Ынтымақ» шағын және орта бизнес қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ҚБ Павлодар облысы бойынша филиалының атынан Гүлзира Атабаева өз әріптестеріне сенім білдіргені үшін ризашылығын білдірді.
«Бұл сайлаудың бұрынғыларынан өзгешелігі әйелдер мен жастарға 30 және 20% көлемінде квота беріп, қолдауы болды. Сайлау процесінде кәсіподақ ұйымындағы жұмыс тәжірибеміз осы жолды абыроймен жүріп өтуде үлкен көмек болды , — деді ол.
Қарағанды облысы көмір өндірушілерінің «Қорғау» жергілікті кәсіподағын басқарған Шахтинск қаласы мәслихатының депутаты Евгений Буслаев көмір өнеркәсібі жұмыскерлерінің аманатын орындау жоспарлары туралы айтты.
«Бүгінгі күні кеншілерді алаңдатып отырған екі негізгі мәселе бар. Оның біріншісі елдегі зейнетақы заңнамасындағы зиянды өндірістегі жұмысшылардың мерзімінен бұрын зейнеткерлікке шығуына қатысты өзгерістер. Барлығы 63 жасқа дейін шахтада жұмыс істеу өте қиын екенін біледі. Келесі мәселе — мүгедек кеншілер жәрдемақысының мөлшері мен мерзімі бойынша Еңбек және Азаматтық кодекстерге өзгерістер енгізу. Біздің кәсіподақтың осы мәселелерді шешуге арналған үлкен базасы бар. Біз осы бағыттағы жұмысымызды бірлесіп жалғастырамыз деп сенемін», — деді депутат.
Кездесу қорытындысы бойынша Сатыбалды Дәулеталин депутаттарға жаңа қызметтерінде сәттілік тіледі.
«Сіздер, жұмысшылардың сеніміне ие болған Мәжіліс пен мәслихаттардың депутаттары ретінде, Еңбек адамының мүддесі үшін кәсіподақ идеяларын алға жылжытуға және іске асыруға белсенді қатысасыздар деп үміттенемін», — деді Қазақстан Республикасының кәсіподақтар федерациясының төрағасы.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы