Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Бас кеңесінің шешімімен 2021 жыл “Бастауыш кәсіподақ ұйымы жылы” деп жарияланды. Басты мақсат – бастауыш кәсіподақ ұйымдарының еңбекшілердің құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі қызметін жандандыру, оларды ұйымдастырушылық және қаржылық жағынан нығайту, кәсіподақ ұйымдарының беделін көтеру.
Ағымдағы жылдың қаңтар айында Нұр-Сұлтан қаласындағы «Қазақстан теміржолы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының Орталық аппаратында, Көпсалалы ұйымдастыру орталығы мен Теміржолшыларды оқыту және білімін жетілдіру орталығында бастауыш кәсіподақ ұйымдары құрылды. Барлығы 230 адам кәсіподақ мүшелігіне кірді.
Теміржолшылар кәсіподағы өз жұмысы барысында саладағы реформаларды жүзеге асыруға көмек көрсетеді, кәсіподақтың қызметкерлермен байланысын нығайтады, әлеуметтік бағдарланған, тұрақты ұжым құруға ықпал етеді.
Жалпы, бүгінгі таңда «Қазақстан теміржолы» ҰК» АҚ және оған еншілес құрылымдық бөлімшелерінде жұмыс істейтін 100 мыңнан астам адамды біріктіретін 15 филиалдан, 288 бастауыш кәсіподақ ұйымынан тұрады. Салада жұмыс істейтіндердің 97 пайызы кәсіподақ мүшелері болып табылады.
Сонымен қатар, 2020 жылдың 30 желтоқсанында «Қазақстан теміржолы» ҰК» АҚ басшылығы және «Қазкөліккәсіп» ҚБ-нің төрағасы 2021-2023 жылдарға арналған Ұжымдық шартқа қол қойды.
Аталған құжатта бұрынғы келісімдер толықтай сақталып қана қалған жоқ, еңбек адамын қолдау үшін бірнеше толықтырулар енгізілді.