Жаңа жұмыс орындары – Қарағанды өңірінің даму перспективасы

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбектің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте 2021 жылға арналған халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау саласындағы міндеттер қаралды. Халықты жұмыспен қамту, халықтың аз қамтылған топтарын әлеуметтік қолдау, мүгедек адамдарды әлеуметтік қолдау, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету, еңбек қатынастарын әлеуметтік реттеу, шетелдік жұмыс күшін тарту сияқты маңызды мәселелер талқыланды.
-Облыс тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз ету және жұмыссыздық деңгейінің өсуіне жол бермеу мақсатында 2021 жылы 33 700 жаңа, оның ішінде 20 мың тұрақты жұмыс орнын құру жоспарлануда, – деп атап өтті Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар Басқармасының басшысы Әсем Жүніспекова өз есебінде.
Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі Қарағанды облыстық үшжақты комиссиясы шеңберінде Қарағанды облысының Кәсіподақтары бастамашылық еткен мынадай мәселелер қаралды: облыс кәсіпорындарындағы жалақы бойынша берешекті өтеу, «Теміртау электрометаллургиялық комбинаты» АҚ Тау-кен басқармасы филиалының жұмыстан босатылатын жұмыскерлерін жұмысқа орналастыру, «AltynKomirServis» ЖШС (Кировская шахтасы) кәсіпорындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайы және короновирустың пандемиясына байланысты жалпы облыстың кәсіпорындары мен ұйымдарында жұмыстан босатылған қызметкерлерді жұмысқа орналастыру, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ компаниясының шахтерлердің 11.12.2017 жылы ұсынылған талаптарын орындауы және «АрселорМиттал Теміртау» АҚ көмір Департаменті қызметкерлеріне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде Шахтинск қаласының Денсаулық сақтау мекемесінің компанияның жарналарды уақтылы аудармауына байланысты медициналық көмек көрсетуден бас тарту фактілерімен байланысты жағдайды шешуі.
Қазіргі уақытта облыстың кәсіподақ ұйымдары «Қарағанды облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» ММ-мен және «Қарағанды облысының еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасы» ММ-мен өзара іс-әрекет жасай отырып, Қарағанды облысының кәсіпорындары мен ұйымдарында 2021-2023 жылдарға арналған қауіпсіздік пен еңбекті қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі «Қауіпсіз еңбек» өңірлік бағдарламасының жобасымен жұмыс істеуде.
Қарағанды облысы бойынша әкімдер, жұмыскерлер мен жұмыс берушілердің өкілдері, кәсіподақ ұйымдары арасындағы Келісімдерге қол қоюды дайындау бойынша алда тұрған жұмысқа байланысты облыстық, қалалық және аудандық Келісімдердің жобаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу үшін өңірлердегі кәсіподақтар өкілдерінің құрамы әзірленді.
Болат Жұмабеков – Қарағанды облысының Кәсіподақтар Орталығы төрағасы Қарағанды облысы мемлекеттік органдарының біздің облыстың кәсіпорындары мен ұйымдарында еңбек қатынастарын тұрақтандыру мәселелерінде шешімдерді бірлесіп іздестіруге ұмтылысы мен қатысушылығын атап өтті.

#ҚРКФ #Қарағанды