Жұмыскерлерді кәсіподаққа тарту – маңызды міндет

Елордалық салалық кәсіподақтар құрылымы өкілдерінің қатысуымен өткен Үйлестіру кеңесі отырысында Нұр-Сұлтан қаласының Кәсіподақтар орталығының 2020 жылғы жұмыс қорытындылары және ағымдағы жылға арналған міндеттері туралы айтылды.

Отырысты ашқан Нұр-Сұлтан қаласының Кәсіподақтар орталығы төрағасының міндетін атқарушы Т.Күнәділов Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің ҚР Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттары болып сайланған кәсіподақ көшбасшыларымен кездесу өткізгеніне тоқталды. ҚРКФ төрағасы Парламент Мәжілісінің депутаттары мен мәслихат депутаттарын жаңа мәртебесімен құттықтағанын, оларға берілген әрбір дауыстың артында Еңбек Адамы тұрғандығын, кәсіподақ сарапшыларының қолдауы мен ұстанымын ескере отырып, заң шығару мен шешім қабылдау сапасын арттыру бойынша күш біріктіруді ұсынғанын жеткізді.

Одан әрі күн тәртібіне сәйкес, «Бастауыш кәсіподақ ұйымы жылын» өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары қаралды.

Т.Күнәділов: «Бастауыш кәсіподақ ұйымының рөлі мен беделі, оның жұмыс беруші алдындағы жұмысшылардың мүдделерін қорғаудағы қабілеті кәсіподақ мүшелерінің саны мен белсенділігіне байланысты. Алдымызда тұрған маңызды міндет жұмыскерлерді кәсіподаққа және белсенді кәсіподақ қызметіне тарту болып табылады. Бұл жалпы кәсіподақтар қозғалысына жаңа серпін береді деп білеміз. Сондықтан, осы жылы кәсіподағы жоқ кәсіпорындарда бастауыш кәсіподақ ұйымын құруға барлығымыз атсалысайық»,- деді.

Сонымен қатар, отырыста ҚР Кәсіподақтар федерациясы күндерін өткізу бойынша ұсыныстар айтылып, кәсіподақтар қызметін жандандыру жөнінде пікірлер тыңдалды.