Ақтөбедегі екі мұнай кенішіндегі ереуілдер тоқтап, жұмысшылардың талабы оң шешілді

Ақтөбе облысы Темір ауданының Көкжиде кенішіндегі «КМК Мұнай» компаниясының жұмысшылары ереуілді тоқтатып, кеше түнде,яғни 31 қаңтарда сағ 21.00-де күні бойы ереуілге шыққан мұнайшылар түнгі ауысымда жұмысқа кірісті. Тараптар келісімге келді,мәселе оң шешімін тапты.Кеше компания басшылығы жұмысшылардың жалақысын тарифтік ставкаға сай 40-65 пайыз көлемінде өсіру туралы бұйрық шығарды. “АМК Мұнай” ЖШС-дағы еңбек дауы шешіліп, екі жақ келісімге келді.

ЖШС басшылығы облыс әкімдігінде болған Штаб отырысынан кейін, ақпан-сәуір аралығында (3 ай) әрбір жұмысшының айлығына 40 000 теңгеден қосуға және Наурыз мерекесіне жалақыдан 50% сыйақы (премия) беруге келісті.

Сонымен қатар, 1 мамырдан бастап барлық жұмысшылармен жаңа еңбек келісім-шарты жасалатын болады (облыстың мұнай саласындағы орташа жалақыны ескере отыра). Ақтөбе облысы бойынша қазіргі таңда жағдай тұрақты, кеніштердегі жұмысшылар жұмыстарын жалғастыруда.