ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин жұмыс сапарының алғашқы күні Үйлестіру кеңесінің отырысына қатысып, Түркістан облысы мен Шымкент қаласының Аумақтық кәсіподақтар бірлестіктерінің ұжымдарына жаңадан сайланған төрағалары Бауыржан Әлтеев пен Бердіғали Өмірәліні таныстырды.
Жаңа төрағалар ҚРКФ Атқару комитетінің ақпанның 5-і күні өткен кезекті отырысында сайланған болатын.
Отырыста Сатыбалды Дәулеталин Атқару комитетінің қазіргі күн тәртібіне сәйкес дамудың жаңа векторы айқындалған ҚРКФ-ның 2020-2025 жылдарға арналған Стратегиясын жүзеге асыру аясында бірқатар жаңа жобаларды қабылдағанын еске салды.
«Соның бірі – «Халық бюджеті». Бұл жоба кәсіподақ мүшелерін Федерация қызметіне және шешім қабылдау процесіне тартуға бағытталған. Яғни «Халық бюджеті» Кәсіподақтар федерацияының ашықтық пен жариялылық саясатына көшкенінің дәлелі болмақ. Кәсіподақ бюджеті ең алдымен, жұмыскерлердің құқықтарын қорғауға және мүдделерін білдіруге жұмсалуы керек. Әрі біз осы жоба арқылы кәсіподақ мүшелерін бюджет қаражатын жұмсауға қатыстыруымыз керек», – деді ҚРКФ төрағасы.
Сатыбалды Дәулеталин жаңа төрағаларға Еңбек Адамдарының әлеуметтік және еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді қарқынды және тиімді жүзеге асыру үшін ұйымдастырушылықты одан әрі нығайту қажеттілігін атап өтті. ҚРКФ-ның 2021 жылды «Бастауыш кәсіподақ ұйымының жылы» деп жарияланғанын айта келе, жаңа төрағаларға бастауыш кәсіподақ ұйымдарының қызметін өзектендіруге ат салысуды тапсырды. Сонымен қатар, ҚРКФ төрағасы жұмыскерлердің еңбек құқықтары мен кепілдіктерін қамтамасыз етуге, әлеуметтік қорғауды жүзеге асыруға және ұжымдық еңбек даулары мен жанжалдардың алдын алу үшін өңірдегі әлеуметтік әріптестермен жұмысты күшейту қажеттілігін ескертті.
Түркістан облысы мен Шымкент қаласының Аумақтық кәсіподақтар бірлестіктерінің жаңадан сайланған төрағалары Бауыржан Әлтеев пен Бердіғали Өмірәлі отырысқа қатысқан әріптестерін Еңбек Адамының құқықтары мен мүдделерін қорғауға белсенді атсалысу арқылы ҚРКФ-ның әлеуметтік әділеттілік қағидаттарын алға жылжытуға және өз өңірлерінде әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға барынша үлес қосамыз деп сендірді.