Ақтөбеде «Sagiz Petroleum Company» ЖШС-нің 30-ға жуық жұмыскері компания кеңсесі алдында жалақыны көтеру мен вахталық ауысымды реттеуді талап еткен болатын.
Жұмыскерлер мен жұмыс беруші арасындағы еңбек дауын шешу келіссөзіне жедел түрде араласқан Ақтөбе облысы кәсіподақтар орталығы аумақтық бірлестігінің төрағасы Алтынбек Әмірғалиев Татуластыру комиссиясын құруға бастамашылық етті. Оның құрамына кәсіподақ мүшелері де енді.
Аталған серіктестік 1999 жылдан бері Атырау облысының Қызылқоға ауданы мен Ақтөбе облысының Байғанин ауданының Сағыз аумағында көмірсутекті шикізатты барлау және өндірумен айналысып келеді. Серіктестікте 403 адам еңбек етеді. Олардың барлығы «Yntymaq» қазақстандық орта және шағын бизнес қызметкерлерінің салалық кәсіподағына кіретін Жергілікті кәсіподақ бірлестігінің мүшелері. Орташа жалақыларының мөлшері 187 теңге.
Жұмыскерлер жалақы мәселесін үш жылдан бері көтеріп келе жатқандарын жеткізді. Сонымен қатар, олар вахталық жұмыстың ұзақтығын екі есеге азайтуды талап етті. Пандемия басталғалы бері олар вахтада 30-35 күннен жұмыс істеуде екен.
Татуластыру комиссиясы аясында тараптар вахталық жұмысты 15 күнге қысқартуға келісті. Ал жалақы сәуірге дейін көбейтіледі. Жұмыс беруші сонымен қатар, талап қойған жұмыскерлерді қудаламаймыз деген уәде берді.
Қазір еңбек ұжымындағы жағдай тұрақты әрі Ақтөбе облысы кәсіподақтар орталығы аумақтық бірлестігінің бақылауында.