Бүгін Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы төрағасының орынбасары Н.Өтешевтың Жамбыл облысындағы жұмыс сапары өз жалғасын тапты.
Жамбыл облысының әкімі Б.Сапарбаевтың қабылдауында болған Кәсіподақтар Федерациясы төрағасының орынбасары Н.Өтешев пен Жамбыл облысы кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Б.Қарашолақов жергілікті атқарушы билік пен өңірлік кәсіподақ ұйымдарының әлеуметтік әріптестік аясында бірлесе атқаратын жұмыстарын талқылады.
Кәсіподақ өкілдерінің еңбек адамының әлеуметтік-еңбек құқықтарын қорғау бойынша жаңашыл бастамаларына облыс басшылығы тарапынан мейлінше қолдау көрсетілетіні айтылды.
Кәсіподақтар Федерациясы 2021 жылды «Бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жылы» деп жариялауына орай облыстық кәсіподақтар бірлестігінің ұйытқы болуымен облыстық Ш.Уәлиханов атындағы әмбебап кітапханасының мәжіліс залында «Салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі Жамбыл облыстық филиалының бірнеше бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жетекшілерінің басын қосқан алқалы жиын өтті.
Жиында кәсіподақ басшылары бастауыш кәсіподақ ұйым жетекшілерінің сұрақтарына жауап беріп, өзекті мәселелерді талқыға салды.
Дәл осындай алқалы жиын, өңірдегі ең ірі кәсіподақ ұйымы «Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің кәсіподақ активімен де өтті. Кәсіподақ саласындағы атқарылған нәтижелі жұмыстары туралы ақпарат берген салалық кәсіподақ ұйымының жетекшісі Е.Мағзымбековтың тындырымды істерін жоғары бағалаған Н.Өтешев мұндай оң тәжірибені барлық өңірде енгізуді қолға алу керектігіне назар аударды.