Ақтөбе облысы кәсіподақтар орталығы аумақтық бірлестігінде өткен басқосуда «Sinopec» компаниясының Ақтөбедегі өкілдері мен жұмысшылары және кәсіподақ жетекшілері негізгі мәселелерді талқылады.
«Sinopec» компаниясының Ақтөбе облысы аумағында 300-ге тарта жұмысшысы әзірге жұмыс ауқымы азаюына орай уақытша үйлерінде жалақыларының белгілі бір пайызын ұжымдық шарт талабына сай алып отыр.
Алайда, бастауыш кәсіподақ мүшелері бұл жолы жұмыс істеп тұрған кеніштегі жұмысшылардың әзірге қысқартылмауын, ең алдымен өзге аймақтардан келгендерді қысқарту жайын айтты. Өйткені, компания жұмыс ауқымын Ақтөбе облысы аумағында іске асыруда. Олар алдымен жергілікті жұмысшыларды жұмыспен қамтамасыз етуі қажет. Әрі соңғы жылдары бағаның өсуін, инфляцияны ескерілмей, ұзақ жылдар аздаған жалақыға еңбек етіп жүргендерін жеткізді. Кәсіподақ төрағасы мен жұмыс берушілер және бастауыш ұйым мүшелері ашық диалог өткізіп, әрі қарай жұмысшылар талабын ескеру, ұжымдық шартта көрсетілген әлеуметтік кепілдемелерді орындау жайын талқылады.