Шымкент қаласы мен Түркістан облысына жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасы кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин «Манкент» кәсіподақ шипажайына барып, онда коронавируспен ауырған жұмыскерлер, кәсіподақ мүшелерін сауықтыру бағдарламасымен танысты.
Елімізде коронавирусқа байланысты Төтенше жағдай жарияланып және карантин енгізілген алғашқы күнінен бастап, ҚРКФ коронавирустық пандемиямен күресте мемлекет пен қоғамды қолдауға қатысты шаралар қабылдаған болатын.
Пандемияның таралу қаупін азайту үшін Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төтенше жағдай кезінде мемлекеттің қажеттіліктері үшін бірнеше активтерін берді. КРКФ кәсіподақтарындағы шипажайларына карантин жарияланған сәттен бастап бес мыңнан астам қазақстандық орналастырылды.
Қазір кәсіподақ шипажайлары коноравирустық инфекцияны жұқтырған азаматтарды оңалту бағдарламасына қатысуда. Кәсіподақтар федерациясы коронавирустық инфекцияны жұқтырған медицина қызметкерлеріне кәсіподақ санаторийлерінде жеңілдетілген негізде оңалту мүмкіндіктерін беру туралы шешім қабылдады.
«Пандемия басталғаннан бері Кәсіподақтар федерациясы мен оның мүшелік ұйымдары қазақстандықтарға, оның ішінде медицина қызметкерлеріне әлеуметтік қолдау көрсету бойынша ауқымды акцияны бастады. Кәсіподақ мүшелерін коронавирустан кейінгі оңалту ҚРКФ санаторийлері қызметінің осы кезеңдегі маңызды бағыты болып табылады. Бұл жұмыс жалғасады », – деп атап өтті ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин «Манкент» шипажайына барған кезде.
«Манкент» кәсіподақ шипажайы – тыныс алу жүйесі, асқазан-ішек жолдары, тірек-қимыл аппараты, жүйке жүйесі мүшелерін, урологиялық ауруларды, гинекологиялық ауруларды емдеуге мамандандырылған көпсалалы бальнеологиялық сауықтыру мекемесі. 2019 жылы Манкент шипажайының қызметі Еуропалық курорттар қауымдастығының сапа, қауіпсіздік және қызмет көрсету стандарты сертификатына ие болды.
«Манкент» шипажайының бас директоры Хамрақұл Қорғанов атап өткендей, сауықтыру орталығы коноравирустық инфекцияны жұқтырған азаматтарды оңалту бағдарламасын жасап, бүгінге дейін 470 кәсіподақ мүшелерін сауықтырған.
«Біз бағдарламаны Денсаулық сақтау министрлігінің барлық ұсыныстарын ескере отырып жасадық. Барлық алгоритмдер, қай әдіс-тәсілді қолдану керек екендігі сол жерде жазылған. Коронавирустан өкпе жүйесі, қан тамырлары, буындар, перифериялық жүйке жүйесі зақымданатыны ескерілді. Сондықтан бағдарламаға иммундық жүйені тепе-теңдікке келтіруге мүмкіндік беретін әдістер: дененің қорғаныштық қасиеттерін қалпына келтіру, сыртқы тыныс алу қызметін жақсарту, перифериялық жүйке жүйесінің жұмысы және организмдегі улануды азайтатын детокс-тәсілдер қолданылды»,-дейді Хамрақұл Қорғанов.
Бұған дейін халықаралық сарапшылар Қазақстанның кәсіподақтары әлеуметтік әріптестермен бірлесіп қолданып жатқан шаралардың прогрессивті сипатын атап өткен болатын. Олар науқас жұмысшыларды оңалту тәжірибесіне бұрын-соңды болмаған, тың тәжірибе деген баға берген еді.
«Ауырған жұмыскерлерді оңалту – бұл жаңа бағыт. Осы уақытқа дейін кәсіподақтардың міндеттері инфекция қаупінің алдын алу және сауығуға көмектесу болды. Қалпына келтіруге көмектесу – маңызды тақырып. Бұл мәселеде жұмыс берушілермен толық келісімге келгеніңіз қуантарлық жағдай. Бұл үлгі етерлік тәжірибе болмақ », – деген еді ХЕҰ Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша бюросының еңбеккерлер қызметі жөніндегі бас маманы Гоча Александрия, ХЕҰ еңбеккерлер қызметі жөніндегі Бюросының (ACTRAV) Шығыс Еуропа мен Орталық Азиядағы кәсіподақ ұйымдары үшін ұйымдастырған коронавирус пандемиясы кезінде әлеуметтік диалогты нығайту және ұжымдық келіссөздерді дамытуға арналған вебинар барысында.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы