Ақтөбеде кәсіподақ Жаңажол, Кенқияқ кеніштеріндегі жұмысшылар талабын басты назарға алды

Ақтөбеде еңбек қатынастарына мониторинг жүргізу, еңбек дауларының алдын алу мақсатында жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына Ақтөбе облыстық, аудандық мәслихаттарының депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелері, еңбек инспекциясы т.б. басқарма мамандары енді.

Жұмыс тобының төрағасы болып аумақтық бірлестік жетекшісі Алтынбек Әмірғалиев бекітілді. Жуырда жұмыс тобы мүшелері Жаңажол, Кенқияқ кенішерінде болып, мұнайшылармен кездесіп, олардың талап тілектерін тыңдады. Жұмыс тобы Жаңажолдағы «ТУ-ХА» серіктестігіндегі жұмысшылардың жағдайымен танысты. Жұмысшылар бірауыздан бастауыш кәсіподақ ұйымын құруға келісті. Мұнда жұмысшылардың жағдайына жіті көңіл бөлінбей отыр. Жатақханада кір жуу үшін керекті ұнтақтарды, гигиеналық заттарды жұмысшылар өздері сатып алады. Жұмысшылардың тамағы да сапалы емес. Бір күнге әр жұмысшыға тамақтануға 1 АЕК бөлген. Ол үш мезгіл тамақтануға жетпейді. 2 АЕК болуын талап етуде. Жұмысшылар “Бастысы жалақы мардымсыз” дейді.

Ал, «М-ТЕХСЕРВИС» мекемесінің жұмысшылары ұжымдық хат әзірлеген. Кенқияқ өндірістік базасының жұмысшылары жалақыны 20-30 пайызға көбейтуді сұраған. Олар “азық-түлік бағасының қымбаттауы мен елдегі экономикалық дағдарыспен байланыстырып, әлеуметтік жағдайларын жақсартуды өтінген. Жыл сайын мұнай құбырларын жөндеу мен зерттеу, күрделі жөндеу жұмыстарын жылдық мөлшерден тыс артығымен орындаймыз, жұмыс берушінің барлық талаптарын орындаймыз. Біз де өз еңбек құқықтарымызды қорғап, жалақыны 20-30 пайызға көтергенін сұраймыз», – деп ұжымдық хат жолдаған.

Сонымен қатар,«Sinopec» компаниясының Ақтөбе облысы аумағында 300-ге тарта жұмысшысы әзірге бос тұрып қалуда. Жұмыс ауқымы азаюына орай уақытша үйлерінде жалақыларының белгілі бір пайызын ұжымдық шарт талабына сай алып отыр. Алайда, бастауыш кәсіподақ мүшелері бұл жолы жұмыс істеп тұрған кеніштегі жұмысшылардың әзірге қысқартылмауын, ең алдымен өзге аймақтардан келгендерді қысқарту жайын айтты. Өйткені, компания жұмыс ауқымын Ақтөбе облысы аумағында іске асыруда. Олар алдымен жергілікті жұмысшыларды жұмыспен қамтамасыз етуі қажет. Әрі соңғы жылдары бағаның өсуі мен инфляция ескерілмей, ұзақ жылдар бойына жалақы өспегенін де айтты. Ал, кеніштегі жұмысшылардың тамақтануына жауапты «Биккор» серіктестігі жұмысшыларының жалақыға көңілі толмайды. Ең төменгі жалақы – 53 мың тенге көлемінде. Мысалы, жұмысшылар 28 күн жасап, 53 мың тенге алады. Осы мәселелерді кәсіподақ жетекшілері әлеуметтік әріптестермен және жергілікті атқарушы органдарымен бірлесіп шешуге кірісті. Жұмысшылардың көтерген басты мәселелері әлеуметтік әріптестік пен облыстық комиссия отырысында қаралады.