Ерлік ешқашан ұмытылмайды

Биыл Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына – 32 жыл.

«Қазхром»ТҰК» АҚ филиалы – Дөң тау-кен байыту комбинатының ауған ардагерлері биыл да кәсіподақ комитетінің қолдауымен “Мәңгі алау” мемориалдық кешеніне барып, ауған соғысында ерлікпен қаза тапқан әріптестерінің рухына тағзым етіп қайтты.

Бүгінгі күні Дөң тау-кен байыту комбинатында он беске жуық ауған ардагері еңбек етеді.

«15 ақпанда осы алаңға жиналу дәстүрімізге айналған. Мұндағы мақсат –қатары жыл санап сиреп жатқан Ауған соғысы ардагерлеріне құрмет көрсету, олардың ерлігі мен еңбегінің ешқашан ұмытылмайтындығын білдіру әрі Ауған соғысының тарихы арқылы өскелең ұрпақ бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыру», – деді Дөң тау-кен байыту комбинатында еңбек ететін ауған ардагері Әділжан Кужбанов.

Бір минуттық еске алу және гүл шоқтарын қою рәсімдерінен соң ардаргерлер Дөң тау-кен байыту комбинатының орталық механикалық жөндеу шеберханасында металл ісінің токарі болып істеген Серікбай Тұрлыбаевтың сексеннен асқан анасына барып, сый-құрмет көрсетті. Одан әрі өмірден озған әріптес достары Серікбай Қойбағарұлының ескерткіш тақтасына соғып, рухына тағзым етті.