Павлодар облысының АКБ қызметкерлердің денсаулығын нығайту мақсатында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды

2021 жылғы 16 ақпанда кәсіподақтар алаңында «Павлодар облысының кәсіподақ орталығы» аумақтық бірлестігінің төрағасы Д. Н.Айтжанова, «Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасы» ММ басшысы А. К. Ситказинов және «Павлодар облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы» ММ басшысы А. Ә. Тұрсынғалиев скринингтік зерттеулер жүргізу арқылы қызметкерлердің қоғамдық денсаулығын сақтау бойынша кешенді жұмысты ұйымдастыру мақсатында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.

Негізгі міндет – скринингтік зерттеулерден (сүт безі обыры, жатыр мойны обыры, колоректальды қатерлі ісік, қант диабеті, глаукома, артериялық гипертензия) өту мақсатында Павлодар облысының ведомстволық бағынысты алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдары мен ірі жұмыс берушілер арасында ынтымақтастық үшін қолайлы жағдайлар жасау болып табылады.

«Қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау бойынша кәсіподақтар жүзеге асыратын қызмет әрбір еңбек қатынастарына қатысушының денсаулық жағдайына қамқорлықпен тығыз байланысты. Қоғамдық денсаулық сақтау мәселесі бойынша кәсіподақ қызметіне кірісе отырып, өңірдің кәсіподақ бірлестіктері еңбек ұжымдарында ауруларды ерте анықтау, емделуден өту және тезірек сауығу үшін қызметкерлердің скринингтік зерттеулерден өту қажеттілігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізеді», – деп атап өтті Д.Н. Айтжанова.