«Сибу -Қызылорда» компаниясы жұмыскерлерінің жалақысы 20 пайызға көтерілетін болды

Жұмыс берушілер мен жұмыскерлер арасында болған келіссөздер нәтижесінде «Сибу -Қызылорда» компаниясы жұмыскерлерінің жалақысы қаңтар
айынан бастап 20 пайызға көтерілетіні туралы шешім шықты. Шешім мәлімделген жиынға жұмыскерлер, компания басшылығы, аумақтық
кәсіподақтар бірлестігі, облыстық еңбек саласын бақылау басқармасы өкілдері қатысты.
​ Жұмыс берушінің актісінде мұнан басқа бос тұрып қалу кезеңіне жұмыскердің орташа жалақысының 50 пайыздық көлемі төленетіндігі және
вахталық әдіспен жұмыс жасайтын жұмыскерлерге, ауыр жұмыс жасайтын жұмыскерлерге қосымша ақылар төленетіндігі сонымен қатар, барлық
жұмыскерлерге мерекелік сыйақылардың көлемі артатындығы айтылған.
Бұған дейін, 9 ақпанда Қызылорда облысындағы «Сибу-Қызылорда» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмыскерлері жұмыс берушіден
жалақыны 80 пайызға көтеру және бос тұрып қалу кезінде ақы төлеу туралы талаптарын жариялаған болатын.