Қызылорда облысы әкімінің халыққа есеп беру кездесуіне кәсіподақ өкілдері қатысты

Бүгін Қызылорда облысы әкімінің халыққа есеп беру кездесуі өтті. Аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова жыл бойында жасалған жұмыстар туралы толық ақпарат ұсынды, онлайн және залда қойылған сұрақтарға жауап беріп, облыс жұртшылығының ұсыныстарын тыңдады. Облыс әкімінің есепті кездесуіне аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Серік Сермағамбетов те қатысты.

Аймақ басшысы әлемді шарпыған індеттің ел экономикасына тигізген әсері мен тежеулерін айта отырып, барлық қиындықтың ұлы ақын Абайдың «Бейнет көрмей, дәулет жоқ» деген кемеңгерлік қағидасына сүйеніп, барша халықтың берекелі бірлігінің, тынымды тірлігінің арқасында еңсерілгендігін атап өтті.

Облыс әкімінің есебінде экономиканы дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу мен халықтың әл-ауқатын жақсарту бағытындағы шаралар баса айтылды. Облыста өткен жылы «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» аясында 40,1 млрд.теңге қаржы қаралып, 291 жоба жүзеге асқан, өңірге 292 млрд.теңге инвестиция тартылған. Аймақта 20 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылса, оның 15 мыңға жуығы тұрақты жұмыс орны. 2020 жылы халықтың нақты жалақысы 11,5 пайызға, ақшалай табысы 1,3 пайызға (83 641 теңге) өсті. Индустрияландыру бағдарламасы аясында облыста былтыр 172 жұмыс орыны ашылып, ағымдағы жылы 506 жұмыс орыны ашылатын жобалар іске аспақшы. Сонымен қатар, есепте аймақтағы агроөнеркәсіптің дамуы, кәсіпкерлікті қолдау, медицина мәселелері, білім беру саласының өзекті сұрақтары, мәдениет, спорт саласындағы жұмыстар тарқатылып айтылды.