Колледждің кәсіподағы “Ең үздік бастауыш кәсіподақ ұйымы” байқауына қатысады

Елордалық ASTANA POLYTECHNIC Жоғары колледжі Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы жариялаған “Ең үздік бастауыш кәсіподақ ұйымы” республикалық байқауы жөнінде онлайн форматында өткен ұжымның жиналысында талқылап, оған белсенділікпен қатысуға ниет білдірді.

Сонымен қатар, жиналыста 2021-2023 жылдарға арналған жаңа ұжымдық шарттың жобасын талқылау және колледж жұмысшыларына еңбекақы төлеу жүйесі туралы мәселелер қаралды.

Кәсіподақ комитетінің төрағасы, «Әділет» кәсіподағы президиумының мүшесі Роза Бралина өз сөзінде Ұжымдық шарт жобасын құру бойынша үлкен дайындық жұмысын атап өтті. Бұған дейін кәсіподақ ұйымының мүшелерінен құрылған комиссия алдын-ала шарттың барлық ережелерін талқылап, еңбек жағдайларын жақсарту бойынша ұсыныстар енгізген болатын. Колледж заңгері М. Шкрептун енгізілген толықтырулар мен өзгерістерге түсініктеме берді.

2021 жылдың қаңтарынан бастап жалақы өскеннен кейін кәсіподақ ұйымының кейбір мүшелерінде жалақы туралы сұрақтар туындады. Соған орай бас есепші О. Абрамова толыққанды түсіндіріп өтті.

Жиын соңында колледж қызметкерлері өздерінің сұрақтарына жауап алып, пайдалы ақпарат үшін ризашылықтарын білдірді.