Сөз болған жиналыста Президент «Прокуратура түрлі әлеуметтік қақтығыстардың деструктивті әлеуетін төмендету үшін алдын-алу шараларын қабылдауы керек, сондай-ақ, уақытылы төленбейтін жалақыларды, заңсыз қысқартуларды және еңбек қатынастарындағы басқа да жағымсыз әрекеттерді дер кезінде анықтап, жолын кесуі керек» деген.
Ал соңғы уақытта жұмысшы табының наразылық шаралары жиіледі. Басты мәселе – жалақыны көтеруді сұрайды. Қарапайым айтқанда, «ішіп-жемге жетпейді». Наразылық шарасында жұмысшылар назар аудартады-ау деген әдістер қолданады.
Мысалы, осы айда ереуілге шыққан Кентаудағы трансформатор зауытының жүзге тарта жұмысшысы әлеуметтік желі арқылы Президентке үндеу жолдап, «Талап етеміз! Талап етеміз!», – деп ұрандатты. Олар «Қысым жасайтын басшылардан әбден зәрезап болдық» деген.
Негізі жұмыс беруші мен жұмысшының арасындағы көпір – кәсіподақ. Ал кәсіподақтар не дейді? Жалпы, олар өз функцияларын қалай атқарып отыр. «Өркениетті келіссөздер» жүргізу тәжірибесін шыңдады ма? Олардың бәрін болмаса да, кеңес кезіндегі «кәмпит тарататын» ролінен шыға алмай қалғанын айтатындар бар. Азамат Алдоңғардың материалы.