Биыл Тәжік-Ауған шекарасынан қазақстандық жеке құрамдағы атқыштар батальонының шығарылғанына 20 жыл толды. 1993-2001 жылдары аралығында тәжік жерінде 8 жылға созылған бітімгершілік операциясы барысында содырлармен арада орын алған қарулы қақтығыстарда 8,5 мыңнан астам қазақстандық әскери қызметшілер борышын өтеді. Олардың арасында ұрыс даласында қаза тауып, жарақат алғандары да болды.
Жауынгерлік міндетін адал атқарып, еліне аман-есен келген Мамырбек Ойсылбаев 18 жылдан бері темір жол саласында еңбек етіп келеді. Ол өзінің еңбек жолын пойыздың жолсерігі ретінде бастап, бүгінде «Жолаушылар тасымалы» АҚ «Экспресс» филиалының жолаушылар пойызының бригадирі болып қызмет етеді. Сонымен қатар, М.Ойсылбаев ел игілігіне үлесін қосып жүрген кәсіподақтың белсенді мүшесі.
ҚР Жеке құрама атқыштар батальонының шығарылғанына 20 жыл толуына орай “Жолаушылар тасымалы” АҚ Бас директорының корпоративтік мәселелер және HR жөніндегі орынбасары Асылхан Қалдыкөзов жергілікті жауынгерлер одағы атынан Мамырбек Ойсылбаевты мерейтойлық төсбелгімен марапаттады.
Қуанышты сәтте М.Ойсылбаев: «Марапаттағандарыңыз үшін мен өте ризамын. Бақытымызға орай, бүгінгі таңда менімен бірге әскерде қызмет еткен барлық ер азаматтар тірі әрі сау. Барлық қазақстандықтарға бейбітшілік пен келісім, жақсылық пен амандық тілеймін», – деп лебізін білдірді.