«CNEC» мұнай саласы компаниясының бір топ жұмыскерлері Қызылорда облыстық кәсіподақтар орталығынан кәсіподақ ұйымын құру бойынша көмек сұрады.
Компания жұмыскерлері жұмыс берушіге жалақыны жүз пайызға көтеру мен өндірістің мәжбүрлі тоқтауында елу пайыздық жалақы төлеу туралы талаптарын қойғандықтарын жеткізді. Сонымен қатар, жұмыскерлер жыл сайынғы еңбек демалысына экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы заңға сәйкес 9 күн демалыстың қосылуын талап етуде.
“Біз кәсіподақ ұйымын құрғымыз келеді, басқа да мұнай компанияларының мәселелерінің шешілуіне көмектесіп жатырсыздар, біз де өз құқықтарымызды кәсіподақ ұйымы арқылы қорғасақ дейміз”, – дейді белсенді топ мүшесі. Олардың айтуынша, компанияда жұмыс жасайтын жұмысшылардың айлық жалақылары 70-80 мың көлемінде және жұмыскерлерді ынталандыру бойынша ешбір әлеуметтік көмектер берілмейді.
Айта кету керек, «CNEC» (“СИЭНИСИ”) жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Қызылорда облысында 2005 жылдан бері геологиялық барлау және іздестіру жүргізу жөніндегі қызмет бойынша жұмыс жасап тұрған ірі компания, компанияда 300-ден аса қызметкер жұмыс жасайды. Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінде «CNEC» компаниясының белсенді жұмыскерлері тобына кәсіподақ ұйымын құру тәртіптері мен жұмыс берушімен ұжымдық келіссөздердің жүргізілу ережелері бойынша жан-жақты түсіндірмелер жүргізілді.
#КәсіподақКз #БҚҰ21
#ПрофсоюзКз #ППО21