Өткен жексенбі күні Интернационал көшесі 21 мекенжайындағы көпқабатты үйде болған жарылыс салдарынан 200-ден астам тұрғын зардап шекті. Олардың көбінің үйлері зақымдалмаса да, қазіргі уақытта жалдамалы пәтерде тұруға мәжбүр. Жерлестерге өңірдің қайырымды жандары қолдарынан келгенше көмектерін беріп жатыр. Кәсіподақ ұйымының мүшелері де игі шарадан сырт қалмады.
Жарылыстан зардап шеккендердің бірі – Гүлнара Дедова. Ол тұрғын үйдің 5-ші қабатында тұрған. Абырой болғанда, баспанасына аса қатты зақым келмепті. Алайда, жарылыс болған күні ол кішкентай баласымен бірге үйінде болған екен. Қызыл жалынды көрген бойда бірден далаға жүгірдік дейді ол. Қәзіргі уақытта екі баласымен бірге туыстарының үйін паналауда. Гүлнара Петропавлдағы балабақшалардың бірінде жұмыс істейді. Білім саласының кәсіподақ ұйымы әріптестерін қиын жағдайда жалғыз қалдырмай, бүгін ақшалай көмек көрсетті.
ГҮЛНАРА ДЕДОВА, ЗАРДАП ШЕГУШІ:
– Жексенбі, демалыс күні болғандықтан кіші ұлыммен бірге базарға барып, енді ғана үйге келіп едік. Бір уақытта қатты дыбыс шықты. Терезеден қарасам, тұрғындар айғайлап жатыр екен. Біздің тұрғын үйде жарылыс болғанын түсініп, баламмен құжаттарымды алып, бірден далаға шықтым. Өзім сол тұрғын үйдің басқарушысымын. Бірден тұрғындарды сабырға шақырып, үлкен кісілерге көмектесе бастадық. Мамандар да жедел көмекке келді. Алғысым шексіз.
Жарылыс болған көпқабатты тұрғын үйде денсаулық сақтау саласының 3 қызметкері, білім берудің 1 және облыстық архивтің бір қызметкері сонымен қатар, өңір зауыттарының жұмысшылары тұрған. Олардың барлығы кәсіподақ ұйымының мүшесі. Қалалық нөмір 1-ші емханасының 3 қызметкеріне де «Сенім» денсаулық сақтау басқармасының кәсіподақ ұйымы 100мың теңге көлемінде ақшалай көмек көрсетті.
ЕЛЕНА ШКАРЕДА, ҚАЛАЛЫҚ №1 ЕМХАНАНЫҢ КӘСІПОДАҚ ҰЙЫМЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
– Газ баллоны жарылған үйде қазыр қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Біздің қызметкерлер жалдамалы пәтерде тұруға мәжбүр. Осыфндай қиын жағдайда «Сенім» ұйымы да, емхана ұжымы да ақшалай көмек көрсеттік. Әр қайсысының шотына қаражат аудардық.
Жексенбі күні зардап шеккендердің бірі – Қайыржан Құдарова. Ол тұрғын үйдің 2-ші қабатында тұрған. Жарылыстан баспанасына қатты зақым келіпті. Өрттен үйінен шыға алмаған ол, терезеден даладағы адамдардан көмек сұраған. Абырой болғанда, денсаулығына еш зиян келмеген. Қайыржан Құдарова облыстық архив қызметкері. Қәзіргі уақытта М.Қозыбаев атындағы СҚУ жатақханасында тұрып жатыр.
МҰРАТ ҚАЛИЕВ, СҚО АУМАҚТЫҚ КӘСІПОДАҚТАР БІРЛЕСТІГІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
– 21 ақпан күні Петропавлда болған жарылыстан бірқатар тұрғын зардап шекті. Көбінің үйлері еш зақымданбаса да, ол жерде қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқандықтан, барлығы жалдамалы пәтерлер мен жатақханаларда тұруға мәжбүр. Осындай қиын кезеңде кәсіподақ ұйымы құр қол отырмай, әріптестерімізге барынша көмек көрсетіп жатырмыз.
ҺАйта кетейік, көпқабатты тұрғын үйде 200-ден астам адам тұрған. Зардап шеккендерге әкімдік тарапынан ақшалай көмек көрсетілетін болады.
https://petropavltv.kz/kz/news/society/zardap-shegushilerge-komek