ҚР Кәсіподақтар федерациясының биылғы жылды «Бастауыш кәсіподақ ұйымы жылы» деп жариялануына орай Ақтөбе облысындағы бастауыш кәсіподақ ұйымдарының тынысымен таныстырғалы отырмыз.
Осы жолы ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы Ақтөбе облысы бойынша департаментінің бастауыш кәсіподақ ұйымы туралы ой бөліспекпіз. «Қызмет» Салалық кәсіподағы Ақтөбе филиалына қарасты бастауыш ұйымда еңбек құқығының қорғалуы – басты назарда.
Қазірде 153 бастауыш ұйым мүшесінің басын біріктіріп отырған іргелі ұжымда ұжымдық шарт талаптары толық сақталған.
«Бастауыш кәсіподақ ұйымының жылы» біз үшін өте маңызды. Біз өзімізді толғандырған мәселелерді кәсіподақ арқылы шеше алатынымызға сенімдіміз. Жалақымыз уақтылы, әлеуметтік кепілдіктер бар, қызметкерлеріміздің талап тілектеріне дер кезінде құлақ түріп отырамыз. Бастауыш ұйым өз жұмысында «ҚР Кәсіподақтар туралы» Заңы мен еңбек заңнамасындағы жаңа өзгерістерді және Салалық кәсіподақтың Жарғысы мен ҚРКФ жаңа жобаларын іске асыруға талпынады. Еңбек адамдарының лайықты жалақы алулары мен еңбек құқықтарының қорғалуына мейлінше үлес қосып келеміз», – дейді бастауыш ұйым жетекшісі Мәншүк Сембаева.
Өзгелерге үлгі боларлық тұстары да жетерлік. Карантин талаптары күшейтілген кезде алғашқылардың қатарында филиал төрайымының бастамасын қолдап, шағын цех ұйымдастырып, тегін бетперде тігіп, оны 200-ден астам өз қызметкеріне таратуға үлес қосқан. Қашықтықтан білім алып жатқан қала мектептерінің оқушыларына қолдау ретінде ноутбук және кеңсе тауарлары сыйға тартылды. Аға буын өкілдері де назардан тыс қалмаған. Қарттар күні қарсаңында 90-нан астам қызметкермен оның ішінде статистика саласының ардагерлері де құттықтаулар алды. Материалдық көмек көрсетілді. Кәсіподақ мүшелері әр ардагерге барды. Алғыс хаттар, төсбелгілер, сыйлықтар, гүлдер табысталды. Тіпті бастауыш ұйым бастамасымен бір-бірлерін мерекелерде бейнероликтер арқылы құттықтау да қалыптасқан.
Осындай игі бастамалары баршылық бастауыш ұйымда ауызбірлік пен ынтымақ берік орныққан.