БҚО кәсіподақ жастары дамудың жаңашыл бағытын ұсынды

1 наурыз – Алғыс айту күніне орай ZOOM қолданбалы платформасында Батыс Қазақстан облыстық кәсіподақтар орталығы жанындағы «Келешек» жастар кеңесінің онлайн отырысы өтті. Өңірдегі жас мамандарға, кәсіподақ мүшелеріне, келешек жастарына еңбектері мен белсенділіктері үшін ризашылық білдіріліп, алғыс айтылды. Сонымен қатар, отырыстың күн тәртібінде Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының жастар саясатындағы жаңашыл бастамалары туралы баяндалып, «БҚО Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің 2021 жылға бекітілген іс-шаралар жоспары тағы бір мәрте қаралды.

Кездесу барысында бірқатар ұсыныстар айтылды.

Бұл туралы жастар ұйымының БҚО бойынша төрайымы Ақерке Шайқы былай деді:
– 2019-2020 жж. БҚО кәсіподақ жастары үшін еріктілер жылы болды. Бұл уақыт аралығында келешектік жастар көптеген қайырымдылық шараларда бой көрсетті. Өздеріңізге белгілі, өңірімізде кәсіподақ жастарының бастамасымен тегін әлеуметтік дүкен жобасы іске асырылған болатын. Мұндай қайырымдылық-гуманитарлық шаралар өз жалғасын әрі қарай да табатын болады. Ендігі мән беру керек жұмыстар – еңбек адамдары мен кәсіподақ ұйымдарындағы белсенді жастардың үлесін арттыру шаралары. ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Телағысұлының басқару саясатындағы маңызды принциптері – ашықтық пен жариялылық екені бәріңізге мәлім. Ал, ашықтық пен жариялылыққа жеткізетін бірден-бір қозғалыс – жария пікірсайыстар деп ойлаймын. Бүгінгі отырыста БҚО кәсіподақ жастары еңбек қатынастарындағы мәселелерді дебат алаңдарында шешу ұсынысын жеткізген болатын. Егер басшылық тарапынан жастар ұсынысына қолдаулар болса, жақсы нәтижелер үшін тырысатын боламыз, – дейді жастар өкілі.