ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин “Халықаралық Жаһандық Әйелдер көшбасшылығы” ҚБ президенті Ханзада Балтаевамен кездесіп, елімізде әйелдер белсенділігін арттыру мақсатында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Құжат сонымен қатар, еңбеккер әйелдердің еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғау жүйесін жетілдіру, лайықты еңбек жағдайларын жасау, олардың экономикалық әл-ауқатын арттыру және гендерлік теңдікті қамтамасыз ету саласындағы міндеттерді бірлесіп шешуге бағытталады.
Сатыбалды Дәулеталин теңгерімді гендерлік саясат жүргізу, еңбеккер әйелдердің құқықтары мен мүдделерін қорғау Федерация жұмысының маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті.
Қазіргі күні әйелдер үлесі кәсіподақ мүшелері жалпы санының 55%-ын құрайды. Бұл жұмысты Федерацияның Еңбекші әйелдер мәселелері жөніндегі комиссия үйлестіріп, осы саладағы заңнаманы жетілдіруге және халықаралық стандарттарды енгізуге белсенді қатысады.
2016 жылы ҚРКФ өкілі БЕАК ХКК әйелдер комитетіне сайланды, бұл өз кезегінде жұмыс істейтін әйелдердің құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін халықаралық деңгейде маңызды серпілісті көрсетті. Сонымен қатар, Кәсіподақтар федерациясы Қазақстан Республикасындағы «БҰҰ-Әйелдер» құрылымымен белсенді түрде ынтымақтасады.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы