Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Солтамбековтың төрағалығымен Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі қалалық үшжақты комиссияның отырысы өтті.
Оған еңбек инспекциясының, жұмысшылар алдында жалақы бойынша берешегі бар және кәсіпорындарда өндірістік жарақаттанушылық тіркелген жұмыс берушілердің, сонымен бірге елордалық Кәсіподақ орталығының өкілдері қатысты.
Отырыста жұмыс берушілердің еңбек заңнамасын сақтауы, жалақы бойынша берешектерін өтеуі, сондай-ақ өндірістік жарақаттану және еңбек нарығындағы жағдай туралы мәселелер қаралды.
Қаланың бас мемлекеттік еңбек инспекторы Ерлан Исмағұловтың мәлімдеуінше, ағымдағы жылдың 3 наурызына дейін жағдай бойынша Нұр-Сұлтан қаласындағы 7 кәсіпорынның 284 жұмыскерге 172,3 млн. теңге берешегі бар. Жалақы бойынша қарыздардың 155 млн. теңгесі банкроттыққа ұшыраған және оңалту сатысында тұрған кәсіпорындарға тиесілі. Жыл басынан бері құзырлы органдар тарапынан еңбек заңнамасын сақтау бойынша 41 тексеру жүргізіліп, 36 ұйғарым беріліп, 7 әкімшілік айыппұл салынған.
Сонымен қатар, елордада жазатайым оқиғалардың салдарынан 3 жұмысшы зардап шеккен. Оның біреуі қаза тауып, қалған екеуі ауыр жарақат алған.
Апта сайын Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінде елорда кәсіпорындарындағы жалақы және өндірістік жарақаттану мәселелерін қарау жөніндегі жұмыс тобы жұмыс істейді. Жүргізілген жұмыс нәтижелері бойынша 2020 жылы жұмыс тобы шеңберінде 195 млн.теңгеден астам берешек өтеліп, осылайша 1650 жұмыскердің құқықтары қорғалды. Ал ағымдағы жылы 21 млн. теңге жалақы бойынша берешек өтелген.
Отырысқа қатысқан жұмыс берушілердің өкілдері жұмыскерлер алдындағы берешекті өтеу бойынша қандай шаралар қабылданып жатқаны туралы есеп берді.
Одан әрі қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының өкілі Бақтияр Гарифуллин еңбек нарығындағы жағдайды баяндап берді. Жыл басынан бері жұмыс берушінің, заңды тұлғаның таратылуына не қызметінің тоқтатылуына, қызметкерлер санының немесе штатының қысқаруына байланысты алдағы уақытта қызметкерлердің жұмыстан босатылуы туралы 50 жұмыс беруші 183 адамға хабарлама ұсынған. Бүгінгі күні іс жүзінде 26 ұйымда 84 қызметкер жұмыстан босатылыпты.
Жұмыстан босатылғандардың ішінде 27-і жұмысқа орналастырылып, 5 адам зейнетке шыққан, 8 адам басқа өңірлерге қоныс аударған. Ал 44 адамға жұмысқа орналастыру қарастырылып, қазіргі таңда оларға әлеуметтік төлемдер беріліп отыр.
Нұр-Сұлтан қаласының Кәсіподақ орталығы төрағасының міндетін атқарушы Төлеген Күнәділов еңбек заңнамасын сақтау жөніндегі әлеуметтік әріптестерге үндеу жариялады.
Алдымен Т.Күнәділов: Біз кәсіпорындардағы жағдайға күнделікті мониторинг жүргіземіз. Кәсіподақтар федерациясының мониторинг нәтижелері бойынша республикада жыл басынан бері 20-дан астам еңбек жанжалдары тіркелген. Соның ішінде елордамызда да бірнеше рет әр түрлі құрылыс ұйымдарынан «кран операторлары» ереуілдерге шықты.
Кәсіподақ орталығының өкілдері еңбек жанжалдарын шешу бойынша барлық келіссөздер процестеріне қатысып келеді. Краншылардың негізгі талаптары: жалақыны, оның ішінде қауіпті еңбек жағдайлары үшін жалақыны арттыру, жалақыны индекстеу және еңбек жағдайларын жақсарту, оның ішінде тамақпен, маусымдық арнайы киіммен қамтамасыз ету. Еңбек жанжалдары негізінен кәсіподақтары жоқ кәсіпорындарда болғанын атап өткім келеді, – деді.
Ол өз үндеуінде еңбек ұжымдарында жұмысшылардың еңбек құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі Кәсіподақтар федерациясының ұсыныстарына тоқталды. Сонымен бірге, жоғарыда айтылғандарға байланысты әлеуметтік әріптестік тараптарын қалалық үшжақты комиссиясында еңбек арбитраждарын құруды, еңбек заңнамасы бойынша жиі бұзушылық орын алатын қаланың кәсіпорындардың базасында қалалық үшжақты комиссияның көшпелі отырыстарын өткізу мүмкіндігін қарастыруды және әлеуметтік әріптестік тараптарының жұмысы туралы ақпаратты, оның ішінде қалалық үшжақты комиссия отырысының хаттамаларын орналастыру үшін Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ресми сайтында “әлеуметтік әріптестердің жұмысы” шартты атауымен бөлім ашу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.