Қызылордада кәсіподақ ұйымдарының белсенді әйелдеріне мерекелік құрмет көрсетілді

Қызылордада кәсіподақ ұйымдарының белсенді әйелдеріне мерекелік құрмет көрсетілді. Оларға кәсіподақ қозғалысындағы белсенділіктері мен Еңбек адамының әлеуметтік құқықтарын қорғаудағы еңбектері үшін алғыс айтылды.

«Облыста жүз мыңға таяу кәсіподақ мүшелері бар болса, оның елу сегіз пайызын әйелдер құрайды. Қашан да, және пандемия кезінде де біздер әріптестеріміздің, әйелдер қауымының қажырлы еңбектерін көрдік, олар – медицина саласында өз отбасыларынан жырақта қалып жұмыс жасаған нәзік жандылар, вахтада ұзақ мерзімге қалған жұмыскерлер, жұмыстары үздіксіз режимдегі тазалықшылар, энергетиктер, коммуналдық шаруашылық қызметкерлері, жаңа жұмыс форматына көшіп, қашықтықтан оқу оқытқан мұғалімдер. Біз Сіздердің осы еңбекші қауымның әлеуметтік-еңбек құқықтарын дамыту жолындағы еңбектеріңізді, өз бастамаларыңыз бен ұмтылыстарыңызды жоғары бағалаймыз», – деді облыстық аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы Серік Сермағамбетов.

Бірқатар бастауыш кәсіподақ ұйымдары белсенділері мен облыстық кәсіподақтардың жұмыскер әйелдер ісі жөніндегі комиссия мүшелеріне Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының, аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің марапаттары табысталды. Жиында кәсіподақ ардагері, Қызылорда облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы Райкүл Байназарова, облыстық салалық кәсіподақ ұйым төрағалары мерекелік лебіздерін білдірді.