Әлеуметтік әріптестер Кәсіподақтар федерациясының бастамаларын қолдады

18 ақпанда ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шапкеновпен кездесуі нәтижесінде Кәсіподақтар Федерациясының ұсыныстары әлеуметтік әріптестер тарапынан қолдау тауып одан арғы ынтымақтастықтың негізі болып қаланды.
Тараптар кәсіпорындардағы әлеуметтік-еңбек саласының еңбек даулары, жалақының өсуі, ең төменгі жалақы мөлшері, ең төменгі күнкөріс деңгейі және еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша жеңілдіктер сияқты өзекті мәселелері бойынша өзара іс-қимыл тиімділігін арттыру туралы келісімге келді.
Әлеуметтік әріптестіктің басым бағыттарының қатарында ҚРКФ-ның ұсынысы бойынша – кәсіподақтар жоқ кәсіпорындарда қауіпсіздік пен еңбекті қорғауды қамтамасыз ету және ереуілдер өткізу тәртібін заңнамалық тұрғыдан жеңілдету бар.
Проблемаларға уақытында жауап беріп, жедел шешімдер қабылдау үшін тараптар Республикалық үшжақты комиссия отырыстарын шұғыл түрде өткізіп отыруға келісті.
ҚРКФ-ның ұсынысы бойынша ереуілдер және олардың алдын алу шаралары жоспарланған кәсіпорындарды бақылау үшін кәсіподақтар мен мемлекеттік еңбек инспекторлары өкілдерінен арнайы топ құру туралы шешім қабылданды.
Кәсіподақтардың «Өзенмұнайгаз» АҚ мұнайшыларын зиянды (ерекше зиянды) өндірістік жағдайларда жұмыс істейтін мамандықтар тізіміне қосу және зиянды еңбек жағдайлары үшін 5% мөлшерінде міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары мәселесін шешу қажеттілігі туралы ұстанымы ескерілді. «Өзенмұнайгаз» АҚ жұмысшыларының жергілікті кәсіподақ ұйымының өкілдері ҚРКФ төрағасына осы мәселені шешуге көмек беру туралы өтінішпен өткен жылдың қыркүйек айында өткен кездесуде жүгінген болатын.
Еңбек министрлігі сондай-ақ жұмыс тобының шеңберінде мүгедек кеншілердің зейнеткерлік жасқа жеткен кездегі зияндылық үшін берілетін өтемақысын жүзеге асыруды тоқтату туралы ұсыныстарын бірлесіп қарауға дайын екендігін білдіреді.
Сонымен бірге, әлеуметтік әріптестер заңнаманы жетілдіру бойынша шаралар кешенін әзірлеуде күш біріктіруге ниетті.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еңбек дауларын шешу процедурасын жеңілдету, сондай-ақ еңбек заңнамасын бұзған адамдардың жауапкершілігін күшейту мәселелері бойынша заңнамаға өзгерістер енгізу туралы ұсынысты қолдады. Сондай-ақ, Еңбек кодексіне және «Кәсіподақтар туралы» ҚР Заңына өзгерістер енгізу арқылы кәсіподақтардың мәртебесін жақсарту жөніндегі бірлескен шаралар көрсетілген.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы