Бүгінгі күні бүкіл әлем коронавирустық пандемия кесірінен болған дағдарысты бастан кешуде. Дәрігерлердің, мейірбикелердің, медициналық ұйымдар қызметкерлерінің кәсібилігі мен жанқиярлық еңбегі бізге денсаулығымызды сақтап, болашаққа сеніммен қарауға көмектеседі.
Республикада ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру және медициналық қызметкерлердің әлеуметтік мәртебесін көтеру бойынша кешенді іс-шаралар жүзеге асырылуда.
Мемлекет басшысы биылдан бастап дәрігерлердің жалақысын кезең-кезеңімен өсіруді міндеттеді. Ресми мәліметтерге сәйкес, бұл мақсаттарға 2021 жылы 222 миллиардтан астам теңге қарастырылған. Бөлінген қаражат аясында 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап медициналық ұйымдарға жұмыскерлердің жалақы қорын ұлғайтуға мүмкіндік беретін қызметтердің тарифтері көтерілді.
Алайда, «Senim» салалық кәсіподақ мүшелерінен түскен көптеген өтініштерге қарағанда бірқатар денсаулық сақтау ұйымдарында жалақы бүгінге дейін өсірілген жоқ.
Кәсіподақтар федерациясы ел аймақтарындағы медицина қызметкерлерінің еңбек ақысын төлеу мен бағалау деңгейіне алаңдаушылық білдіріп, жұмыс қарқындылығының өсуі аясында еңбегін материалдық тұрғыдан бағалаудың төмен деңгейі проблемасының одан әрі ушығуы саланы кадрлармен қамтамасыз етуде қиын жағдайға, сондай-ақ тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмек сапасының нашарлауына және қол жетімділігінің төмендеуіне әкелуі мүмкін деп санайды.
Құрметті әлеуметтік әріптестер, 2021 жылы 22 қаңтарда денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіподақтары мен әлеуметтік әріптестер ретінде ҚР Денсаулық сақтау министрлігі және Ұлттық денсаулық сақтау палатасы қол қойған салалық келісімге қосымша келісім бекітілді.
Бұл құжат ел басшылығының тапсырмаларын орындауға құқықтық негізі болып табылады және шаруашылық жүргізу құқығы негізінде барлық медициналық ұйымдарға медициналық қызметкерлердің жалақысын заңды түрде көтеруге мүмкіндік береді.
Жоғарыда айтылғандарға байланысты, Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар Федерациясы сіздерден салалық келісім шарттарының орындалуын қолдауды және оның нормаларын жүзеге асыру бойынша шұғыл шаралар қабылдауды сұрайды!